Электр желілерінің 76% тозған - Жоғары аудиторлық палата
Қазақстанда электр энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру тиімділігіне жүргізілген аудит аяқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Жоғары аудиторлық палатасының Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Оның қорытындылары Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғарғы аудиторлық палатаның отырысында қаралды.
Аудиторлық іс-шаралар Энергетика министрлігін, «Самұрық-Энерго» АҚ, “KEGOC» АҚ, «Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы» АҚ, «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС және басқа да ұйымдарды қамтыды.
Энергетика министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда 233 электр станциясы жұмыс істейді. Дегенмен республика бойынша электр энергиясына сұраныстың 78%-ы жылу электр станцияларының есебінен қамтамасыз етіледі. Газтурбиналық станциялардың энергия өндірісі артып, олардың үлесі 9,6%-ға жетті. Гидроэлектр станцияларының жалпы электр энергиясын өндірудегі үлесі шамамен 8,5%, ал жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 3,9%.
Жоғары аудиторлық палатаның аудит қорытындысында өңірлерде энергия өндіру мен тұтыну арасында теңгерімсіздік бары айтылды. Қуаттардың басым бөлігі солтүстік аймақта орналасқан, ал тұтыну көлемінің төрттен бірі оңтүстікке тиесілі. Жалпы тек Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары өзін-өзі толық қамтамасыз етіп отыр.
Энергетика саласындағы негізгі проблемалардың бірі – саланың дамуы үшін белгіленген жоспарлар мен іс-шаралардың орындалмауы. Атап айтқанда, тариф саясатының ашықтығын қамтамасыз ету, активтерді жаңғырту және т.б. Сала әлі де шетелдік жабдыққа тәуелді.
Электр энергиясына сұраныс артуда, ал генерациялық станциялар тозып жатыр. Көбі кеңес заманынан бері жұмыс істейді. Олардың өнімділігі төмендеп, апат тәуекелі артып келеді. Жалпы елдегі барлық энергия өндіруші қуаттардың тозу деңгейі 55%, ал электрмен жабдықтау желілерінің тозу көрсеткіші 76%-ға жеткен.
Салада шамамен 4,5 мың маман жетіспейді. Негізгі себептері – жастардың қызығушылығының төмендігі және жалақының аздығы.
Энергетика министрлігінде электр энергиясын өндіру мен өткізуге кеткен шығындарды мониторингтеу функциясы жоқ. Бұл энергия компаниялары үшін шекті тарифтердің негізділігіне әсер етеді.
Аудит шекті тарифтерге, қуат пен теңгеруші нарықтағы тарифтерге қатысты кемшіліктерді анықтады. Электр станциялары үшін тарифтер жария тыңдаусыз бекітіледі, ал сметалар мен есептер жарияланбайды.
«Электр энергиясы мен қуаты нарығының қазақстандық операторы» АҚ (KOREM) теңгерімдеуші электр энергиясын сатып алу-сату бойынша есеп айырысу орталығы ретінде белгіленген. Бірақ бұл операциялар ақпараттық қауіпсіздік бойынша тестілеуден өтпеген және өнеркәсіптік пайдалануға енгізілмеген бағдарламалық қамту арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.
Теңгерімдеуші нарықтағы тарифтер кейбір мәндерді таңдауда таңдаушылық пен субъективтілікке жол беретін формулалар негізінде бекітілген. Нәтижесінде тариф 34,7 млрд теңгеге негізсіз арттырылып, бұл шығынды түпкілікті тұтынушылар өтеген.