Елде туристік бағыттардың жолдары жөнделіп жатыр
Ішкі туризмді дамыту және туристік аймақтардың көлік қолжетімділігін арттыру мақсатынд биыл еліміздің 8 өңірінде республикалық маңызы бар автожолдарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚазАвтоЖол-ға сілтеме жасап.
Бұл бағыттағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1,9 мың шақырымды құрайды, оның ішінде 2025 жылы 544,7 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Ақмола облысы Елордадан 35 шақырым жерде орналасқан тарихи-мәдени нысан – «АЛЖИР» мемориалды кешеніне апаратын Р-2 «Астана – Қорғалжын» автожолында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
2025 жылы 19-58 шақырым аралығында орташа жөндеу жұмыстары басталды. Бұған дейін 2017 жылы осы жолдың кейбір бөліктерінде 42 шақырым жөнделді. Алматы облысы Туристер көп баратын Көлсай мен Қайыңды көлдеріне жетуді қамтамасыз ететін Р-16 «Көкпек – Кеген – Түп – Жалаңаш – Саты – Құрметі, Көлсай көліне кіреберіс жолмен» автожолының 3-24 шақырым аралығында орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, А-6 «Көкпек – Кеген – Қырғызстан шекарасы» автожолының 26-41 және 68-88 шақырым аралығында жұмыстар жалғасуда.
Жетісу облысы Алакөл көліне баратын А-7 «Үшарал – Достық» автожолында 2,9-180 шақырым аралығындағы қайта жаңарту жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда 180-184 шақырым аралығындағы учаскеде жұмыстар аяқталу сатысында. Сонымен қатар, табиғи нысан – Әнші құмға апаратын Р-20 «Сарыөзек – Көктал» автожолында орташа жөндеу жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары 0-45, 110-141 және 142-178 шақырым аралығындағы учаскелерді қамтиды.
Батыс Қазақстан облысы Тарихи-мәдени маңызы бар Хан Ордасы ауылына апаратын Р-56 автожолының барлық ұзындығы (21 шақырым) бойынша орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қарағанды облысы А-20 «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Бұғаз» автожолында 98 шақырым жолда орташа жөндеу жүргізілуде. Бұл жол Қарқаралыға апаратын негізгі бағыттардың бірі. Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай өңірінің бірегей табиғи аймақтарына, соның ішінде «Рахман қайнары» шипажайына апаратын Р-25 «Өскемен – Алтай – Рахман қайнары» автожолының 152 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Павлодар облысы «Баянауыл» демалыс аймағына баратын Р-27 «Қалқаман – Баянауыл – Үміткер – Ульяновск» автожолының 82-231 шақырым аралығында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 2024 жылы 100-105 шақырым аралығындағы учаске күрделі жөндеуден өтті. Түркістан облысы Тарихи Сауран қалашығына апаратын М-32 «Самара – Шымкент» автожолының 2055-2257 шақырым аралығында орташа жөндеу жұмыстары атқарылуда. Аталған жұмыстар жол қауіпсіздігін арттыруға, қозғалысты жақсартуға және ішкі туризмді дамытуға бағытталған. Жол инфрақұрылымының жаңаруы азаматтардың сапарға шығуына жағдай жасап, Қазақстанның туристік бағыттарының тартымдылығын арттырмақ.