Елде азаматтарды тазалыққа шақыратын әлеуметтік жоба іске қосылды
Бүгін Астанадағы Триатлон саябағында "Жаттығу" әлеуметтік жобасы қайта іске қосылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Спорттық жобаны Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен «Дала Қырандары» жастар бірлестігі ұйымдастырып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – Қазақстан жастарын біріктіретін маңызды бастама.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың қазан айында «Таза Қазақстан» атты экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын мақұлдады. Бұл тұжырымдаманың басты мақсаты – қарапайым, бірақ маңызды: Қазақстанға деген қамқорлық әр азаматтың өмір салтына айналуы тиіс. Біздің елдің тазалығы тек өзімізге байланысты. Сондықтан «Таза Қазақстан» - ең алдымен жауапкершілік мәселесі. Тазалық жиі жиналатын жерде емес, қоқыс мүлде тасталмайтын жерде болады. Бүгін біз Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен еліміздің түкпір-түкпірінде "Жаттығу" қозғалысын іске қостық. Бұл бір реттік сенбілік немесе қарапайым жаттығу емес, бұл өз ортасына немқұрайлы қарамайтын, өз ортасының тазалығы мен қауіпсіздігіне алаңдайтын жандардың бірлігі», - деді «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Нұрғали Тұрсынғазиев.
Бұл – «Дала Қырандары» жастар бірлестігінің авторлық жобасы. Мұнда ауладағы спорт алаңдарын қалпына келтіру арқылы жастардың бойында жауапкершілік, еңбекқорлықты дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастыруды көздейді. Жоба аясында жастар ауладағы спорт алаңдарының жағдайына назар аударып, аула тазалау, спорт алаңдарын жөндеу, спортшылардың қатысуымен ашық жаттығу өткізу және т.б. қоғамдық жұмыстарға атсалысады.
«Бүгін еліміз бойынша 20-дан астам қала тікелей эфирге қосылды. Барлығы 5 мыңнан астам жастар жиналды. Енді әр өңір өздері таңдап алған саябақ, алаңқайдың тазалығы мен қауіпсіздігіне жауапты болады. Сондай-ақ мұнда күн сайын кешкілік түрлі спорттық іс-шаралар өткізіледі. Ал Астанада Триатлон саябағында болады», - деді Нұрғали Тұрсынғазиев.
Бүгін іс-шара барысында ауладағы спорт алаңында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, кәсіби спортшылардың қатысуымен ашық спорттық жаттығу өтті.
Осылайша «Дала Қырандар» жастар бірлестігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасын қолдай отырып, оны еліміздің экологиялық және әлеуметтік ортасын жақсарту жолындағы маңызды бағыт деп есептейді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – еңбекке баулитын, жергілікті патриотизмді күшейтетін және нақты өзгерістер өз аулаңдағы қарапайым істерден басталатынын дәлелдейтін жоба.