Елде алимент төлеуден жалтарған 4 адам бас бостандығынан айырылды
Қостанай облысында жыл басынан бері кәмелетке толмаған баланы асырау үшін алимент төлеуден жалтарған 175 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Облыстық прокуратура баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық прокуратура таратқан мәліметке сүйенсек, 38 борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 4 адам бас бостандығынан айырылды.
«Мәселен, Рудный қаласының прокуратурасымен азамат К мүгедек баласына 2,1 миллион теңге көлемінде алимент төлеуден қасақана жалтарғаны анықталды.Осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді, борышкер сот үкімімен бас бостандығынан айырылды. Ал Лисаков қаласының тұрғыны алиментті өтеу есебіне қылмыстық жауапкершілікке тартылғаннан кейін 2 бір бөлмелі пәтерді тапсырды.Сол сияқты тағы 4 борышкер алимент өндіріп алушыларға тұрғын үй құқығын берді» - деп жазылған хабарламада.
Қабылданған қадағалау актілерімен 210 баланың пайдасына 240 млн. теңгеден астам сомаға алимент бойынша берешек өтелді.
«Балаларды асырауға алименттерді уақтылы және толық өндіріп алу жөніндегі жұмысты толық орындамағаны үшін 18 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мысалы, Бейімбет Майлин аудандық прокуратурасымен жеке сот орындаушысының 3 айдан астам алимент бойынша берешегі бар 100 борышкерге қатысты шара қолданбау фактілері анықталды» - деп жазылған хабарламада.
Сот орындаушысы лицензиясынан айырылды, оның атқарушылық іс жүргізуі басқа тұлғаға берілді.