Елде 37 автомобиль өткізу пункті қайта жаңартылады
Елімізде 2030 жылға дейін 37 өткізу пункті жаңғыртылады, деп хабарлады Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» ҰҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу пункттерін жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы басталды. Халықаралық сауда, транзиттік тасымалдар мен жолаушылар ағынының өсуіне байланысты 2030 жылға дейін 37 шекаралық нысанды кезең-кезеңімен қайта жаңарту жоспарланып отыр. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Қазақстан-Қырғыз және Қазақстан-Ресей шекараларында алты басым жобаны іске асыруға кірісті (Бесағаш, Қарасу, Сырым, Әлімбет, Жаңа Жол және Қосақ өткізу пункттері). Алдағы уақытта атқарылатын тағы алты жоба пысықталуда, олар: Тасқала, Үрлітөбе, Құрманғазы, Ақсай, Қайрақ және Камышановка. Өткізу пунктерін жаңғырту аясында көліктерді өткізу қабілеті артып, азаматтар мен сауда өкілдері үшін шекарадан қолайлы әрі тез өтуге жағдай жасалмақ.
Сондай-ақ бағдарлама шекара маңында орналасқан аймақтардың дамуын ынталандырып, республиканың халықаралық көлік дәліздеріне ықпалдасуын күшейтеді.