Әртүрлі

Екі дүркін Паралимпиада чемпионы сарбаздармен кездесті

Екі дүркін Паралимпиада чемпионы Давид Дегтярёв ІІМ Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6697 әскери бөлімінің сарбаздарымен жүздесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Аталмыш кездесуге әскери бөлімнің 250-ге жуық сарбазы қатысып, спортшыға өз сауалдарын жолдады. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Давид Дегтярёв спортпен 2016 жылдан бері айналысып келеді. Кездесу аясында спортшы алға қойған мақсаттарға тек ерен еңбектің арқасында жетуге болатынын атап өтті. Сондай-ақ, әскери бөлім басшылығы қонаққа сарбаздардың казармалары мен асханаларын көрсетті.

«Бұл кездесу мен үшін ерекше. Себебі мен Отан алдындағы борышын өтеп, еліне адал қызмет атқаратын адамдарды жақсы көремін. Әскери қызметшілердің мақсаты — менікімен бірдей десем артық айтқандық емес. Себебі біз ел мүддесі үшін, көк байрағымызды биікке көтеру үшін қызмет етеміз!» - деді чемпион.

Кездесу аясында спортшы жауынгерлермен елдік қасиет, отансүйгіштік, азаматтық парыз, жауынгерлік рух аясында жүрекжарды ойымен бөлісті. Кездесу соңында спортшы ұландықтардың естелік суретке түсті.

Айта кетейік, Давид Дегтярёв 2020 жылы Токио, 2024 жылы Париж қалаларында өткен Паралимпиаданың жеңімпазы. Сондай-ақ, ол – «Барыс» орденінің иегері.