Әртүрлі

ЕGov Mobile қосымшасында тағы бір қызмет іске қосылды

Енді үй жануарларының цифрлық паспортын eGov Mobile қосымшасы арқылы көруге болады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәліметінше, барлық мәлімет TABAN – үй жануарларын есепке алу Бірыңғай деректер базасынан жүктеледі.

Бұл жүйеде тіркелген барлық жануарға қатысты маңызды оқиғалар жазылып отырады. 

«Цифрлық паспортта жануардың жеке нөмірі, құжат нөмірі, аты, түсі, тұқымы, туған күні, ерекше белгілері, жануардың түрі мен жынысы, тіркелген мекенжайы, нақты тұратын мекенжайы, иесінің толық аты жөні мен ЖСН қамтылады. Сонымен қатар чиптеу, стерилизация және вакцинация туралы ақпарат – даталары мен мәртебелері көрсетілген»,- делінген хабарламада.

Қызметті пайдалану үшін:

  • eGov Mobile қосымшасына авторизациядан өтіп;
  •  «Цифрлық құжаттар» сервисіне кіру қажет;
  • «Басқа құжаттар» бөлімінде Жануар паспортымен танысу керек;
  • егер құжат көрінбесе, «Құжаттарды жаңарту» батырмасын басу қажет. 

Цифрлық төлқұжат ветеринарлық клиникаға барғанда, саяхатқа шығарда, көрмелерге қатысқанда немесе жануар жоғалған жағдайда оның деректерін жедел ұсынуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл қызмет үй жануарларын жүйелі түрде есепке алуға, қаңғыбас жануарлар санын азайтуға және иелерінің жауапкершілігін арттыруға септігін тигізеді.

2025 жылғы наурыз айындағы жағдай бойынша жүйеде 224 мыңнан астам үй жануары тіркелген, оның ішінде 20 мыңнан астамы – үйсіз жануарлар.