Әртүрлі

eGov.kz порталында автокөлік тарихын тексеру сервисі іске қосылды

eGov.kz порталында «Көлік тарихы» сервисінің көмегімен автокөлікке қатысты барлық ақпаратты тексеру мүмкіндігі пайда болды. Бұл көлікті сатып алмас бұрын оны тексеріп алуға мүмкіндік береді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Сервисті енгізу пайдаланушыға қосымша ақпаратпен танысуға көмектеседі және сәйкессіздіктер туындаған жағдайда бірқатар проблемалардың алдын алады. Тексеру үшін көліктің мемлекеттік нөмірін және техникалық паспорт нөмірін білу қажет.

«Көлік тарихы» сервисі арқылы мына мәліметтерді білуге болады.

•       автомобиль маркасының атауы және шығарылған жылы;

•       қозғалтқыштың көлемі, шанақтың түсі және қосымша орнатылған жабдықтың болуы;

•       ҚР аумағында автокөлікті алғашқы тіркеу күні;

•       меншік иелері туралы дербес деректерді көрсетпей-ақ, автокөлікті қайта тіркеу күндері бар алдыңғы иелердің жалпы саны;

•       көлік құралына кепілдің немесе ауыртпалықтың болуы.

Автокөлік туралы ақпарат алу үшін пайдаланушы eGov.kz порталына кіріп, «Көлік тарихы» сервисіне өтуі керек. Сосын «автомобильдің мемлекеттік нөмірі (МТНБ)» және «Автокөлік құралын тіркеу туралы куәліктің нөмірі (КҚТК)» енгізіп, барлық ақпаратпен таныса алады.

«Сервис ҚР Ішкі істер министрлігінің, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлескен жұмысының арқасында іске қосылды», -деді «ҰАТ» АҚ-ның баспасөз қызметі.