Әртүрлі

Депутат: Жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау – басты міндетіміз

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне сұхбат берді. Мұнда озық ойлы, бәсегеке қабілетті жастар туралы келелі ой қозғап, жастар саясатының басым бағыттарына тоқталып, қоғам дамуының басты стратегиялық міндеттерін айқындап берді. Мұндай пікірді Elordainfo.kz тілшісіне Астана қаласы мәслихат депутаты Мәдина Әжікенова айтты.

Президент өз сөзінде: «Еліміздің тағдыры – жастардың қолында. Біз отаншылдығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз. Реформаның бәрін жастардың игілігі үшін жасап жатырмыз. Бұл – әншейін әдемі сөз емес, мемлекет стратегиясының түпкі мәні. Бүгінгі жастар біздің жас кезімізге қарағанда әлдеқайда көп біледі. Қазіргі технология дәуірінде бұл – қалыпты нәрсе. Қазақстанда дарынды, білімді әрі мақсатына ұмтыла білетін қыз-жігіттер көп. Дәл сол себепті мен жастарға сенемін деп жалықпай айта беремін», деген болатын.

«Осылайша жастардың қоғамдағы рөлін ерекше атап, өскелең ұрпақтың болашағына зор үміт артып, жан-жақты қолдау білдіретінін жеткізді. Президенттің бұл тұжырымы бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Жастарымыздың сапалы білім алып, кәсіби өсуіне және еңбек нарығында лайықты жұмыс орнын табуына жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Президент ел ертеңі жастарымыздың шетелде білім алып, тәжірибе жинақтауын қолдайтынын жеткізіп, осы бағытта мемлекет тарапынан атқарылып жатқан  істерге тоқталды», - деді депутат.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатта жастар дүниетаным көкжиегін кеңейтуі тиіс екенін айтты.

«Рас, бүгінде жастардың көбі білім алу немесе қызметте өсу үшін шетелге шыққысы келеді. Бұл – жаһандану үдерісінің бір ерекшелігі. Оған түсіністікпен қараған жөн. Біздің жастарымыз әлемдегі беделді университеттерде жақсы білім алып, тәжірибе жинап, дүниетаным көкжиегін кеңейте алады. Сондықтан мемлекет, әрине, шетелде оқуға кедергі жасамайды, керісінше, ондай бастамаларға қолдау көрсетеді. Халықаралық «Болашақ» стипендиясы баршаға белгілі. Жас ғалымдардың шетелдегі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуіне жағдай жасалған. Бірқатар елмен студент алмасып тұрамыз. Жастардың кәсіби біліктілігін көтеру немесе көбірек табыс табу үшін шетелге шығуы қалыпты нәрсе деп ойлаймын. Олар үйреншікті мекенін тастап, өмірін күрт өзгертуден қорықпауы керек. Тіршілікке бейім, ширақ болуға тиіс. Өмір бойы бір ауылда немесе бір қалада тұрып, жарты ай жұмыста болғаны үшін биліктен жоғары жалақы талап ететін заман әлдеқашан келмеске кетті. Қазіргі жастар ондай болмауға тиіс. Қарым-қабілетің қай жерде қажетке жараса, сонда баруға тырысу керек», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

«Президент шетелде білім алатын жастардың ұлттық құндылықтарды ұмытпай, туған еліне оралып, алған білімі мен жинаған тәжірибесін Қазақстанның дамуына арнауы қажеттігін баса айтты. Жастар – ел болашағының діңгегі. Жас ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасап, елге адал қызмет ететін мемлекетшіл азамат ретінде қалыптасуына жол ашу - біздің ортақ парызымыз», - деді депутат.

Халық қалаулысы жастарға зор сенім артатынын жеткізді.

«Президент жастарға үлкен сенім артып қана қоймай, олардың әлеуетін ашуға басымдық беретінін айқын жеткізді. Қасым-Жомарт Кемелұлының «Еліміздің тағдыры – жастардың қолында» деген сөзі – жай ұран емес, нақты іс-әрекетке үндейтін бағдар. Біз ұлттық болмысымызды сақтай отырып, жастарымыздың әлеуетін ел игілігіне бағыттай алсақ, ел дамуын жаңа деңгейге көтереміз. Ел болашағы - жастарымызға зор сенім артамыз!», - деп сөзін түйіндеді Мәдина Әжікенова.