Әртүрлі

Демалыс күндері ауа райы қандай болады

Синоптиктер 23-25 қараша аралығындағы демалыс күндеріне арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мамандардың айтуынша, Қазақстанның басым бөлігіндегі ауа райына Сібір антициклоны әсер етеді. Қазақстанда жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.

Атмосфералық фронтальды бөліктердің әсерінен республиканың оңтүстік-батысында, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын түсіп, жел күшеюі мүмкін, таулы аймақтарда көктайғақ болады деп болжанды.

Республиканың барлық аумағында түнде және таңертең тұман күтіледі.

Синоптиктердің болжамынша, Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс облыстарында ауа температурасы түнде -10..-18 градус аяз, республиканың қиыр шығысында -23 градусқа дейін аяз болады.