Дауыс беру кезінде қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелмеді – ІІМ
ҚР Бас прокуратурасы мен ҚР ІІМ референдум учаскелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді және заңдылықтың сақталуын бақылауды жалғастыруда. ОКҚ алаңында өткен брифингте ведомстволардың өкілдері учаскелердегі жағдай туралы хабардар етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
ҚР Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басқармасының бастығы Бекжан Қарамановтың айтуынша, дауыс беру процесі өрескел бұзушылықтарсыз – қалыпты жағдайда өтуде.
«Бүгін прокуратура органдарына республикалық референдумға қатысты өтініштер түскен жоқ. Сондай-ақ қазіргі уақытта сот органдарына да талап арыздар енгізілмеген», - деді спикер.
ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, референдум учаскелеріндегі оқиғаларға уақытылы ден қою үшін әрбір ауданда мобильді жедел-тергеу топтары құрылған.
«Полицияның жедел басқару орталықтарының бейнебақылау камераларының көмегімен референдум учаскелеріне іргелес аумақтарды бақылау күшейтілді. Жалпы, қазіргі уақытта референдум учаскелеріндегі жағдай тұрақты. Қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ», - деді ІІМ ресми өкілі.