Дұрыс таңдау жасау өз қолымызда – академик
Академик, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бірлесбек Алияровтан АЭС тақырыбын ғылыми тұрғыда саралауды сұрадық. Ол Қазақстанда АЭС пен ЖЭС салуды салыстырып, артықшылығына тоқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
– Қазақстан электр энергиясын өндіретін станция керек пе? Алдымен осы сұрақты тарқата түссеңіз...
– Сөзсіз, керек! Ендігі мәселе – бізге станция керек пе, энергия маңызды ма? Осыны анықтап алғанымыз жөн. Міне, осы сұрақтарды қоғам болып жан-жақты талқылап, ортақ шешімге келуіміз керек. Таразыға «арзан станция» деп салсақ, онда көмір жағатын жылу электр орталықтары басады. Егер қалдықсыз өндеуді таңдасақ, онда уран арқылы іске қосылатын атом орталықтары басым түседі. Дұрысы, АЭС-тің де, ЖЭС-тің де өзіндік артықшылығы мен кемшілігі бар.
– Осыны тарқатып айтып берсеңіз...
– Әлем бойынша ең арзан көмір біздің елде. Екібастұздың көмірі нарықта 6 доллар (көмір кен орнының басында) көлемінде бағаланады. Шетелде көмірдің бір тоннасы 200 доллар. Өйткені көмір қоры тапшы, болған жағдайдың өзінде өндіру біздікіндей арзанға түспейді. Екібастұздың көмірі Үлкен ауылына жеткенше құны 15-16 доллар болар.
Көмір тасудан бөлек, жағып болғаннан кейін қалдықты (күлін) жинайтын арнайы орын керек. Бұл – экологиялық тұрғыда тиімсіз. Газбен, көмірмен жұмыс істейтін ЖЭС-дің бір артықшылығы – нарықтағы сұраныс көлеміне қарай тұтынатын энергия қуатын өзгертіп тұруға болады.
Ал, атомдыкі қымбаттау болғанымен, станция автоматтандырылғаннан кейін қоқыс шығармайды. Алайда АЭС-те энергия қуатын тиісті мөлшерде өзгерту қиын. Егер референдум нәтижесінде халық АЭС салуды қолдаса, онда ғалымдар атом станциясын ұтымды қолдану жолдарын жетілдере түсеміз. Бұған біздің ғылыми потенциалымыз толық жетеді.
– АЭС қымбат жоба дедіңіз. Бірақ бізде уран өндірісі жақсы дамыған ғой!
– Мойындау керек, АЭС салу ұзақ жылдар кетеді. Шикізат тұрғысынан АЭС-ке керекті уран жеткілікті. Уран қоры бойынша Қазақстан әлемде екінші орында тұр. Жер бетіндегі уранның жалпы қорының 15 пайызы біздің елде. Бізде өндірілетін жоғары жылу шығаратын уран материалын (ТВЭЛ) Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Италия, Түркия, Франция, Германия көптеп сатып алады.
2060 жылға дейін көміртегі бейтараптыққа қол жеткізу доктринасына Қазақстан қосылды. Осы тұрғыдан алғанда, АЭС ұзақжылдық стратегиялық бағдарлама, келешектің ұтымды жобасы ретінде бағалау керек.
– Ғалым ретінде атом энергетикасын қолдайсыз ғой! Солай ма?
– Әрине, қолдаймын! Бізге АЭС салып, тәжірибе жинап, үйреніп, келешекте басқа жерлерден салу керек болса қорықпайтын боламыз. Қазір елдің оңтүстік өңірлерінде халық саны көбейіп, электр энергиясын тұтыну көлемі артуда. Үкімет осыны ескеріп, 2035 жылға дейінгі генерациясын екі есеге ұлғайтуды жоспарлады. АЭС қоршаған ортаға зиянсыз технология. Ал оңтүстікте көмір тапшы. Онда атом энергетикасы тиімді. АЭС келешекте бой көтеретін энергиялық станциялардың алғашқы үлгісі деген дұрыс.
Экономика бір орында тұрмайды. Жыл өткен сайын ірі өндіріс орындарынан бөлек, шағын және орта бизнес субъектісінің саны артып, энергияға сұраныс артады. Ал экономиканы ілгерлету үшін Қазақстанға тұрақты энергия көздері қажет. Сондықтан электр энергиясын өндіретін станцияларды салуды кешіктере беруге болмайды. Бір сөзбен айтқанда, келешектің қамы үшін дұрыс таңдау жасау өз қолымызда.
– Бірлесбек Қаниұлы, АЭС пен ЖЭС-те электр энергиясын өндіру ерекшелігі қандай?
– Уран мен көмірден қуат алатын станцияның айыршылығы – ошақтан шығатын жылуында ғана. Бу шыққаннан кейінгі екеуінде де функция бірдей. Тек ошақтың ішінде жылу беретін көзі өзгеше болады.
– Яғни атом саласына қажетті инженерлерді дайындауда ешқандай қиындық жоқ дейсіз.
– Бізде энергетиктердің жақсы ғылыми ортасы қалыптасқан. Ізденуші ғалымдар да жеткілікті. Қазір 5 шәкіртім докторлық диссертация қорғауға дайындалуда. Тақырыптары энергетика саласына қатысты.
Базалық білім ретін Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, Ядролық физика институты бар. Одан бөлек, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде теориялық және ядролық физикадан білім береді. Егер АЭС салынатын болса, тапсырысқа сай 4-5 жылда білікті атом инженерлерін дайындап шығара аламыз.
Елімізде бұған дейін де атомшылар шықты. Олар шетелде салынып жатқан АЭС құрылысына атсалысып жатқанын жақсы білеміз.
P.S. БҰҰ атом энергетикасын жасыл энергетиканың қатарына қосты. Өйткені атом энергетикасын өндіру барысында көміртегі бөлінбейді. Шын мәнінде, көмірден шығатын парниктік газдың экологияға залалы көп. Осы себепті озық елдер атом энергетикасын дамытуға күш салуда. Өркениет өрісі бізге атом саласын дамытуды талап ететіндей.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ