Биыл жыл соңына дейін 51 вагон қолданылуға беріледі – министр
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Темір жол өнімдерін шығару – машина жасау саласындағы маңызды бағыттардың бірі. Қазір бұл бағыт машина жасау жалпы көлемінің 13 пайызын құрап отыр. Осы сала бойынша 60-тан астам кәсіпорында 8 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Өткен жылы теміржол өнімдерін шығару 25 пайызға өсіп, 600 млрд теңгеге жеткен», - деді министр.
Биыл 7 айда жүк вагондары 5 есеге, ал платформалар 2,2 есеге артқан.
Министрдің айтуынша, соңғы бес жылда ұлттық оператордың вагон паркін жаңартуы осы салада инвестициялық белсенділікті арттырды. Нәтижесінде Wabtec, Alstom, Stadler сияқты әлемнің жетекші брендтері отандық нарыққа келді.
«Қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау және темір жол саласындағы ішкі нарықты дамыту шеңберінде локализация деңгейі 40 пайызға дейін қамтамасыз етілді. Отандық өндірушілердің қатысуымен локализацияны арттыру, двигатель өндіру, бірлескен кәсіпорындар ашу жұмысы жалғасатын болады. Өнім сапасын жақсартуға және импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал еткен негізгі жобаларды атап өтейін. Биыл қаңтарда Астанада жылына 100-ге дейін жолаушылар вагонын шығаратын Stadler Қазақстан зауыты іске қосылды. Шығарылған вагондар 2030 жылға дейін келісімашрт аясында Қазақстан темір жолына жеткізілетін болады», - деді спикер.
Биыл Семейдегі машина жасау зауытында жылына 600 жүк вагонын шығаратын жаңа өндіріс іске қосылды. Одан бөлек Екібастұзда дайын темір жол техникасын және құрамдас бөлшектері мен маңызды компоненттер шығаратын кәсіпорындар класстері салынды. Биыл осы класстерде жылына 160 мыңға дейін дайын өнім шығаратын кешен пайдалануға берілді. Осылайша бұл жобалар өндіріс қуатын одан сайын ұлғайтып, өнім сапасын арттыратын болады.
«Жыл соңына дейін алғашқы 51 вагон қолданылуға беріледі. Сондай-ақ осы жылдың басында Атырау облысында жылына 6 мың жүк вагоны мен цистерна шығаратын зауыт іске қосылды», - деді Е.Нағаспаев.