Әртүрлі

Биыл тұтынушылар шағымдары бойынша 800 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды

2025 жылдың қаңтар-мамыр аралығында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мен оның аумақтық департаменттері азаматтарға тауарлар, қызметтер мен жылжымайтын мүлік сатып алу барысында жол берілген бұзушылықтар бойынша құқықтық көмек көрсетіп, ауқымды жұмыс жүргізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Осы аралықта тұтынушылардың шағымдары бойынша жалпы сомасы 881,3 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Шағымдар көбінесе сапасыз тауарлар (автокөліктер, косметика, ұялы телефондар), орындалмаған қызметтер (шипажай жолдамалары, қоғамдық тамақтану, фитнес, туризм), сондай-ақ рәсімделмеген немесе уақтылы берілмеген жылжымайтын мүлікке қатысты болды.

Тұтынушы құқығы бұзылған деректерге тоқталсақ:
 

 Алматы қаласында тұтынушы 215 млн теңгеге сатып алған, бірақ үшінші тұлғаға сатылып кеткен жылжымайтын мүлік объектісіне қатысты дау департаменттің араласуымен оң шешімін тапты.

Ал Қарағанды облысында 45 күннен аса уақыт берілмеген пәтер бойынша шарт талаптарының орындалуы қамтамасыз етіліп, тұтынушы 33,5 млн теңге тұратын жылжымайтын мүлікке қол жеткізді.

Семей қаласында қоғамдық тамақтану орнында тұтынушының тапсырысы орындалмай, мекеме тұтынушылар бұрышын орналастыру міндетін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ақтөбе облысында тұтынушының туроператорларға қатысты шағымы бойынша сотқа дейінгі және сот процесінде департамент мамандары қолдау көрсетіп, нәтижесінде 6,6 млн теңге өтемақы өндіріліп берілді.

Павлодар мен Жетісу облыстарында ондаған тұтынушының құқықтары топтық негізде қорғалды: косметика жиынтығы үшін рәсімделген 10,8 млн теңге несие мен жеткізілмеген смартфондар үшін 7,2 млн теңге қайтарылды.

Түркістан облысында Дубай қаласына орындалмаған тур үшін 1,2 млн теңге қайтарылып, Шымкентте санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін жерде көрсетілген фитнес қызметтері үшін тұтынушыларға өтемақы берілді.

Азаматтар тіпті 700 теңге тұратын сапасыз ойыншыққа қатысты да өтемақы талап етіп, өз құқықтарын қорғады.

Бұл деректер – жай статистика емес. Әрбір өтініштің артында нақты тағдыр, үміт пен әділеттілікке деген сенім жатыр. Қазақстандықтар өз құқықтарын қорғауда белсенділік танытып келеді. Біз осы үрдісті жоғары бағалаймыз.

Комитет пен оның аумақтық департаменттері бұдан әрі де тұтынушылардың мүдделерін қорғауға, заңнаманың орындалуын қамтамасыз етуге және құқықтық мәдениетті арттыруға күш салуды жалғастырады.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау – бұл ұран емес, нақты әрекет.