Биыл еліміздегі бірқатар вокзал күрделі жөндеуден өтеді
Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығының қысқы кезеңге дайындығы туралы есебін тыңдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қысқы маусымға дайындық аясында компания кешенді іс-шаралар жоспарын әзірледі. Барлық дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп, тұрақты бақылауда тұр.
«Қысқы кезеңде теміржол инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін жүк және жолаушы шаруашылықтарының жылжымалы құрамы әзірленуде. Локомотивтердің тораптары мен жүйелері қысқы режимге ауыстырылып, жолаушы пойыздарындағы жылыту жүйелері тексерілуде.
Аязды күндері алғаш рет қозғалыс тұрақтылығын қамтамасыз ететін 4 436 теміржолшы маман да ерекше назарда.
Мамандар қысқа 1,7 мың локомотив пен шамамен 300 қар тазалау техникасын дайындап жатыр», - делінген хабарламада.
Биыл бірқатар вокзалда күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары басталды. Жолаушылардың қолайлылығы үшін уақытша модульдік нысандар орнатылды.
Көлік министрлігі қысқы маусымға дайындық барысын ерекше бақылауда ұстайды. Келер маусымда теміржол жүйесі қауіпсіз әрі үздіксіз жұмыс істеуі үшін барлық шаралар қабылданады.