Әртүрлі

Биыл еңбек инспекторлары 50 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғады

1 желтоқсандағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 277 кәсіпорны 18,7 мың жұмыскерге 4,4 млрд теңгеге жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында 7,5 мыңнан аса еңбек құқығының бұзылуы анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 249 ұйғарым берілді және 50,3 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 17,5 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 3,4 млрд теңге төленді.

Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында.

2024 жылғы 1 желтоқсандағы деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 5 039 тексеру жүргізді, оның барысында 7 583 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 5 723; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 1 793; халықты жұмыспен қамту бойынша – 67.

Жұмыс берушілерге 2 998 ұйғарым беріліп, 371 млн теңге сомасына 3 359 әкімшілік айыппұл салынды, - делінген министрлік ақпаратында.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 33 мыңнан аса жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.