«Бір тиын да алған жоқ»: Анас Баққожаев агроғалымдардың мәселесін көтерді
Депутат Анас Баққожаев аграрлық ғалымдар мен фермерлерге қатысты мәселені көтерді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев ауыл шаруашылығы ғалымдарының қаржылық жағдайына қатысты мәселені көтерді
«Бұрыннан шешілмей келе жатқан бір мәселені көтергім келеді. Мал шаруашылығында бірнеше тұқым бар, олардың авторлары көп. Мысалы, «етті меринос» тұқымын 8 адам шығарған, бірақ сол уақыттан бері ешқайсысы бір тиын да алған жоқ — себебі нақты механизм жоқ. Өсімдік шаруашылығында да осындай жағдай: еңбегі еленбей жүрген авторлар баршылық. Бір мысал: бір ғалым өнімді жасап, оның авторы ретінде тіркелген. Бірақ сол өнімді сатқан институт 100 млн теңгеден аса табыс тапқан, ал ғалымға 10 млн теңге тиесілі болса да, бар болғаны 500 мың ғана төлеген. Мұндай әділетсіздікті көрген жастар болашақта ғылымнан кетіп, шетел асып кетпей ме?Аграрлық саладағы ғалымдардың жағдайын зерделеп, бұл бағытта ауқымды ревизия жүргізуге дайынсыз ба?» - деді депутат.
Бұл сауалға әділет министрі Ерлан Сәрсембаев былай жауап берді:
«Осы сала шарттық қатынастарға байланысты. Олар еркін түрде бір-бірімен шартқа түседі, одан кейін біреуі орындамайды, біреуі орындайды. Басқа жағын ойластырады. Сондай кезде бұл шарттың қатынастарына байланысты біздің жақтан қандай да бір қадам немесе былай болады деп мен қазір айта алмаймын. Жалпы осы мәселені қазір сізден естіп отырмын. Оны зерттеуге дайынбыз. Тиісті осындай ұсыныстарымыз болып жатса, шешуге дайынбыз», - деді министр.