Әртүрлі

Бибігүл Жексенбай: Әскердегі тәртіп – ел қауіпсіздігінің негізі

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары 68665 әскери бөлімінде болып, сарбаздардың қызмет жағдайымен танысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Кездесуде әскери тәртіп пен құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары талқыланды.

«Жастар әскерге Отан алдын­дағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жа­уапты екендігін Мемлекет басшысы өз Жолдауында шегелеп айтқан болатын», - деді Бибігүл Жексенбай.

Сенатордың айтуынша, тәртіп пен заң – әскердің өзегі.

«Тәртіп бұзылған жерде – тәртіп емес, бейберекет өмір басталады.

Сол үшін тәртіп – ұлттық қауіпсіздіктің тірегі. Біз сарбаздардың өмірімен, қызмет жағдайымен, олардың күнделікті тыныс-тіршілігімен таныстық», - деді ол.

Казармада бейнебақылау орнатылған, ата-аналармен байланыс үшін бейнеқоңырау жүйесі жұмыс істейді.

- Психологтар мен әскери полиция сарбаздардың жан дүниесін де, тәртібін де қадағалайды.

- Тәртіп – жарғы емес, өмір салты.

Оған тек бағыну емес, түйсіну керек, оны сезіну керек. Сондықтан қазір сарбазға тек бұйрық аз, намысын, рухын оятып, ел алдындағы борышын сезіміндіру үшін жұмыс жүйелі жүру керек.

«Жыл басынан бері әскери қызметте оң өзгеріс бар екен. Қылмыс азайған, есірткі және бұзақылық фактілері кеміген. Бірақ бейжарғылық қатынастар мен өкілеттігін асыра пайдалану жағдайлары әлі де бар.

Бұл – жас сарбаздардың ортаға бейімделуінің әлсіздігінен де болатынына куә болдық. Гаупвахтаға 5 күнге қамалған 18 жастағы сарбаз «көңіл-күйім болмағандықтан, бұйрыққа бағынбадым» дейді. Сарбаздардың әскери өмірге моральдық психологиялық дайындықсыз келетіні де рас. Біз бұл мәселені жасырмаймыз. Керісінше, ашық талдап, шешім іздейміз», - деді сенатор.