Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметкерлері заңгерлермен кездесті
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі» атты тақырыпта оқыту семинары өтті. Оған орталықтың басшы құрамы мен қызметкерлері қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кездесу барысында Астана қаласы Әділет департаментінің бас маманы Бауыржан Смағұлов, адвокаттар Айдархан Тұрғанұлы мен Айгүл Жүнісова, «Әділет Лигасы» заң консультанттары палатасының заң кеңесшісі Венера Нұралина жиналғандарға заң көмегін көрсету саласында туындайтын қоғамдық қатынастар, жеке және заңды тұлғаларға мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету кезінде олардың құқықтары мен міндеттерін жан-жақты түсіндірді.

Сонымен қатар құқық саласының мамандары мемлекет кепілдік берген заң көмегінің түрлеріне, көмекке мұқтаж тұлғалар, оны алуға құқығы бар адамдар құқығы және адвокаттардың мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету тәртібіне ерекше тоқталды.

Семинар соңында орталық қызметкерлері заңгерлердің кеңесіне жүгініп, өздерін толғандырған сұрақтар бойынша толыққанды ақпарат алды.