Әртүрлі

«Бекіре» акциясы барысында 600 келіден астам бекіре балығы тәркіленді

Жайық-Каспий бассейнінде, Қазақстанның үш батыс өңірі – Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары аумағында «Бекіре» балық қорғау акциясы жалғасуда, деп хабарлады Elordainfo.kz Caspianlife-қа сілтеме жасап.

Акция басталғалы бері Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының (балық инспекциясы) инспекторлары құқық қорғау, табиғат қорғау органдары және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 884 дерегін анықтап, жолын кесті. Нәтижесінде 680 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Балық инспекциясының баспасөз хатшысы Рүстембек Құрқұтовтың айтуынша, 1 сәуір мен 15 мамыр аралығында «Бекіре» акциясы барысында браконьерлік бойынша 24 қылмыстық іс қозғалған. Заң бұзушыларға 15,9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның нақтылауынша, заңсыз айналымнан жалпы салмағы 3 тонна 56 кг балық тәркіленген, оның ішінде 608 кг – бекіре тұқымдас балықтар, 2 кг – бекіре тұқымдас балықтардың уылдырығы, 181 дана аулау құралы және 32 су көлігі тәркіленген. Өзендер мен теңіз акваторияларының арнасын күн сайын тазарту барысында 546 дана заңсыз балық аулау құралы алынып тасталды.

«Бекіре» акциясы 1 сәуірден 31 мамырға дейін жалғасады.