Әртүрлі

Бауыржан Ералы: Бірлесу арқылы ашық және әділетті қоғам құру жолында табысқа жете аламыз

Астана қаласы Сарыарқа ауданының әкімі Бауыржан Ералы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты аясындағы сыбайлас жемқорлықпен күресу бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Елдің өркендеуі мен әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуінің басты шартының бірі – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Сондықтан мемлекеттік органдар үшін бұл күн тәртібіндегі басты міндет.

«Сарыарқа» ауданының әкімдігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын ұстанып, ашықтық пен қолжетімділікке ерекше мән береді. Әкімдік қызметінің басты бағыты – аудан тұрғындарына сапалы әрі уақтылы мемлекеттік қызмет көрсету. Халықтың мәселелерін есту, оларды шешу жолында әкімдік тұрғындармен тікелей байланыс орнатуға аса көңіл бөледі», - деді Сарыарқа ауданының әкімі Бауыржан Ералы.

Сонымен қатар аудан әкімі аптасына екі рет жеке қабылдау өткізіп, әр азаматтың мәселесін қарайтынын жеткізді.

«Жыл басынан бері 65 жеке қабылдау ұйымдастырылып, 530 сұрақ қаралды, оның 423-і өз шешімін тауып, қалғаны жоспарға енгізілді. Халықтың сұраныстары тек қабылдаулар арқылы ғана емес, бірыңғай қызмет көрсету желілері арқылы да келіп түседі. Биыл түскен 2296 өтінімнің 96%-ы орындалды. Сонымен қатар, аудан көлеміндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында бірқатар құрылымдар арасында арнайы семинар-дәрістер ұйымдастырылып, түсіндірме материалдар таратылды. Бұл шаралар ауданның мемлекеттік мекемелерінде қызмет көрсету сапасын арттыруға және жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ықпал етеді», - деді ол.

Бұған қоса аудан әкімдігі тұрғындарға кез келген уақытта кәсіби заңгерлік көмек алуға мүмкіндік беріп отыр. Осы бағытта «Халық заңгері» атты жалпыреспубликалық акция аясында, заңгерлер, адвокаттар мен мемлекеттік орган өкілдері тұрғындардың құқықтық мәселелерін тыңдап, оларға білікті кеңестер мен заңдық көмек көрсетті. Бұл бастамалар халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, азаматтарға мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейді.

«Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімдігінің барлық қаржылық есебі әр тоқсан сайын ресми сайтта жарияланып отырады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлер арасында әдеп нормаларын сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Біздің міндетіміз – ауданымызды сыбайлас жемқорлықтан таза, әділ және ашық қоғамға айналдыру. Тек бірлесу арқылы ғана біз әділетті, ашық қоғам құру жолында табысқа жете аламыз», - деді Бауыржан Ералы.