Әртүрлі

Баланың ой-өрісін қалай дамытамыз – маман кеңес берді

Мектепке дейінгі жастағы баланың ой-санасын дамытужауапты іс. «Үйде отырған бүлдіршіннің таным-көкжиегін қалай дамытамыз?», «Оның бос уақытын қалай тиімді жоспарлаған дұрысдеген тақырыптар төңірегінде Elordainfo.kz тілшісіне Астанадағы №58 «Өркен» балабақшасының меңгерушісі Гүлнұр Мырзағұлова айтып берді.

Маманның айтуынша, үйде баламен түрлі рөлдік ойын ойнаған жөн. Бұл оны кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдауға үйретеді. Мектепке дейінгі жастағы бүлдіршін балабақшада сюжеттік, қимыл-қозғалыс ойындарын ойнайды. Дәл осы ойындарды үйде де ойнауға болады.

Әсіресе 1 жастан бастап 3 жасқа дейінгі уақытта бала кез келген нәрсеге назар аударады. 

«Бүгінгі таңда ата-аналардың іс-әрекеті қандай? Көпке топырақ шашудан аулақпын. Алайда үйде бос уақыты бола қалса, телефонға телміретіндер бар. Ал ата-анасының көргенін бала да жасайды емес пе? Оның орнына бала бір уақыт мультфильмдер көрсе, оның пайдасы көп», - деп бөлісті ойымен маман.

Балалар ойыншықтармен ойнайды. Бала кез келген затты қолымен ұстап көру арқылы моторикасын дамытады. Нәтижесінде оның ой-өрісі кеңейе бастайды.

«Егер бала балабақшаға бармаса онда үйде күнделікті режим ұстанған жөн. Таңертең нақты бір уақытта баланы оятып, таңғы асын беріп, ойнату қажет. Мәселен, боямақтарды боятуға болмаса жан-жануарлардың суреттерін көрсетіп, аттарын жаттатуға болады. Ал түстен кейін баланы міндетті түрде ұйықтату керек. Сондай-ақ далаға серуенге де шығып тұрған жөн», - деді елордалық балабақша меңгерушісі.

Баланы дамытуға ойыншықтардың да көмегі зор. Алайда сапалы әрі ұзақ уақытқа дейін пайдалануға жарайтын ойыншықтардың бағасы қымбат болып келеді. Ал оларды сатып алуға әр ата-ананың қалтасы көтермейді. Осындай уақытта үйде қолдан жасауға болатын ойыншық түрлерін пайдаланса болады.

«Үйде қолдан әртүрлі ойыншық жасауға болады. Мәселен, қағаздардан әртүрлі фигуралар, картоннан түрлі -түсті көліктер жасап, оны баламен бірге безендіруге кеңес беремін», - деді спикер.

Сөз арасында Гүлнұр Бәкежанқызы мектепке дейінгі жастағы балалардың бойында кездесетін ашушаңдық қасиеттер туралы айтты.

«Бұл жаста балалар өз қажеттіліктерін түсініп, оны қанағаттандыру жолын іздей бастайды. Тіпті эмоциясын көрсетеді. Мұның арты – табандылықпен мақсатқа жету. Егер бала эмоциясын басқарып үйренбесе, онда бұл оның әлеуметтік қарым-қатынаста, психологиясына, денсаулығына, тұлғалық дамуына кері әсер етуі мүмкін. Ашушаңдықты табандылыққа айналдыру үшін бала  эмоциясын басқаруды үйрену қажет. Сондай-ақ мақсатына жету үшін оның бойында еңбекқорлық болу керек. Бастысы ата-ана баласына дұрыс пен бұрысты айтып отырғаны жөн», - деді маман.

«Агрессия, ашушаңдық пайда болған кезде ата-ана не істеу керек?» деген сауалды маманға қойған едік.

«Алдымен, оның себептерін түсіну қажет. Екіншіден, балаға эмоциялық қолдау көрсету керек. Үшіншіден, агрессиясы мен ашуын басқаруға көмектесетін орта жасаған жөн. Егер бала өз эмоциясын ашық түрде жеткізе алса, онда бұл агрессияны жеңуге көмектеседі. Спорттық ойындар, шығармашылық жұмыс стрессті төмендетуге ықпал етеді. Ал агрессия мен ашушаңдықтың деңгейі жоғары әрі ұзақ уақыт бойы жалғасса, онда мамандарға жүгіну керек», - деді спикер.

Гүлнұр Бәкежанқызынан баланың тілі орташа есепттен қай жастан бастап шығатынын әрі оның тіліндегі кемшіліктерді қалай байқауға болатынын сұраған едік. Себебі ересектер балаға әртүрлі нәрсені айтқызып, мазасын алатыны бар. Кейде айтқан сөзін қызық көріп, тіліндегі кемшіліктерге мән бермей жататыны рас. Маман баланы сөйлетуге үйретудің жолдары туралы айтты.

«Бір балалардың сөйлеу мүмкіндігі өте төмен болса, енді бір балалар ерте сөйлеп кетеді. Тіпті кейбіреуі әр нәрсені кеш қабылдайды. Менің байқауымша, баланың тілі орта есеппен 1-1,5 жаста шыға бастайды. Ата-ана мен бала арасындағы диалог бала тілінің тез шығуына және жақсы сөйлеуіне көп септігі тиеді. Сондай-ақ баланың айтқан әңгімесін тыңдап, қойған сұрақтарына жауап берген жөн. Мәселен, ата-ана баласымен ата тілінде тілдесіп, оның ой-өрісін дамытады және сөздік қорын байытады. Әсіресе ұйықтар алдында ата-ана баласына бір ертегіден оқып беруді дәстүрге айналдырса, оның пайдасы өте көп. Өйткені оларды тыңдап өскен баланың таным-көкжиегі одан сайын арта түседі», - деді балабақша меңгерушісі.

Кез келген ата-ана баласын еркелетеді. Бұл – қалыпты жағдай. Мамандар бала қандай да бір іс-әрекет жасаса, оны әрдайым мақтап, жақсы көретіндігін айтып отырған жөн дейді. Себебі бұл балаға сенімділік сыйлайды. Ал сеніммен ер жеткен бала үнемі өзін қоғамда емін-еркін сезінеді.

«Баланы еркелету оның психологиялық, эмоциялық дамуы үшін өте маңызды аспект болып саналады. Оның мақсаты – сүйікті, қымбат жан екенін, ата-ана қамқорлығында екенін сезіндіру. Бірақ баланы шектен тыс еркелетудің қажеті жоқ. Тым қатты еркелік кезінде шектеу қоя білу керек.  Бастысы баланы орнымен еркелету», - деді маман.

Мамандардың айтуынша, баланы міндетті түрде мақтап отырған жөн. Соның нәтижесінде үйрету процесі жылдамырақ жүреді деген себеппен түсіндіреді.

«Мақтау мен марапат баланың дамуында маңызды рөл атқарады. Мәселен, таңертең және ұйықтар алдында баланың жетістіктерін бағалап, жақсы көңіл-күймен ұйықтату психологиялық жайлылықты қамтамасыз етеді. Баланы нақты жеткен жетістіктеріне сай бағалалаған өте тиімді. Көңілі түспесін деп бағалаудың қажеті жоқ. Сондай-ақ ара-тұра баланы музей, театрға апарып тұрған дұрыс. Бұл оның ой-өрісін кеңейтіп, қоршаған әлемді одан сайын тани түсуіне септігі тиеді», - деп сөзін түйіндеді Гүлнұр Мырзағұлова.