Балқашқа төрт және бес жұлдызды қонақүй салатын инвесторлар шақырылып жатыр
Қарағанды облысының «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Балқаш қаласында 4 және 5 жұлдызды қонақ үйлер салуға әлеуетті инвесторларды шақырады, деп хабарлады Elordainfo.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Әр кешенде кемінде 60 нөмірден болуы тиіс. Бұл жобалар туризмнің дамуына және өңірдегі іскерлік белсенділіктің артуына ықпал етеді.
Жобаларды жүзеге асыру үшін жер телімдерін «Сарыарқа» ӘКК ұсынады. Ал жобалау және құрылыс жұмыстарын қаржыландыру, сондай-ақ қонақ үй кешендерін салу – ашық конкурс нәтижесінде анықталған инвестордың міндеті.
Құрылыс алаңдарының инженерлік инфрақұрылымын жергілікті атқарушы орган қамтамасыз етеді.
Бұл жұмыс Қазақстан Президентінің тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құралдарын пайдалана отырып, «4» және «5» жұлдызды қонақ үйлер салу жобаларын іске асыруға жәрдемдесу мақсатында жүргізіліп жатыр.
Инвесторларға қайда жүгінуге болады:
«Сарыарқа» ӘКК» АҚ Мекенжайы: Қарағанды қаласы, Әлиханов көшесі, 4, 113-кабинет.
Телефондар: (8-7212) 980-348, 980-349, +7-775-658-23-11.
Жобаның негізгі мақсаттары:
- өңірдің туристік инфрақұрылымын дамыту;
- жаңа жұмыс орындарын құру;
- жергілікті экономиканы ынталандыру;
- Балқаш қаласының Қазақстандағы заманауи туристік орталық ретіндегі имиджін нығайту.
Соңғы екі жылда Балқашқа туристік ағын 40%-ға артқан. Келушілер арасында тек қазақстандықтар ғана емес, Германия, АҚШ, Канада, Польша және Ресей елдерінен келген туристер де бар.