Әртүрлі

БҚО-да қаңғыбас иттер талап тастаған қыз ауруханаға түсті

БҚО-да қаңғыбас иттер талап тастаған қыз жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлады Elordainfo.kz «Орал апталығына» сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, қаланың солтүстік бөлігіндегі балалар алаңы аумағында кішкентай қызға иттер шабуыл жасаған.

Бұл туралы Ақсай қаласы әкімі аппаратының Telegram каналы да мәлімдеді.

 «Ойын алаңының аумағында (Алексеева көшесі, қаланың солтүстік бөлігі) иттер қызға шабуыл жасады. Жедел жәрдем шақырылды», – делінген хабарламада.

Оқиға 11 қазан күні болған. Бала бірнеше жерінен жарақат алған. Алғашында жансақтау бөліміне түскен қыз қазір хирургия бөліміне ауысты.

«Қабылдау кезіндегі травматикалық шок белгілерін ескере отырып, бала реанимация бөлімшесіне жатқызылды, емдеу кезінде жараларды хирургиялық емдеу, сіреспеге қарсы сарысумен шұғыл егу жұмыстары жүргізілді. Жансақтау бөлімінде жатқан баланың жағдайы тұрақталып, хирургия бөліміне жатқызылды», – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.

Қазір қыздың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.