Әртүрлі

"Үй жануарлары құлақ, асқазан-ішек ауруларымен жиі ауырады": елордалық ветеринар

Ветеринария мамандары күніне ора, Elordainfo.kz тілшісі «Астана ветсервис» мекемесінің ветеринария бөлімі басшысы Ерлан Зікібаевпен әңгімелесті.

«Медицина – адамды, ал вете­ринария – бүкіл адамзатты емдейді» деген нақыл ешқашан өзектілігін жойған емес. Қолдағы мал ауру болса, онда ол адамдарға да жұғады. Сондықтан жануарларды дер кезінде емдеп, денсаулығын бақылап отыру – ветеринария саласы өкілдерінің жұмысы. 

«Бұл салада жұмыс істеп жатқаныма биыл – 30 жыл. Міндетім – жануарларды тексерістен өткізу, ауруларын анықтау және алдын алу шараларын жасау. Күнделікті жұмыс барысында жануарлардан сынама алып, диагностикалық зерттеулер жүргізу  және әртүрлі аса қауіпті ауруларға тексерту үшін зертханаларға жөнелтеміз. Негізінен үй жануарларына, нақтырақ айтқанда, ірі қара мал, жылқы, ұсақ мүйізді мал, үй құстары, иттер мен мысықтарға ауруларға қарсы іс-шаралар жүргізіледі. Бүгінде үй жануарлары көбіне құлақ, асқазан-ішек ауруларымен жиі ауырады», - деді Ерлан Аманжолұлы.

Бөлім басшысы жұмысының қызығы мен қиындығы туралы айтты.

«Жануарлардың ауруын анықтап, оларға ем-дом жасау және сауығуын көру процесі өте қатты ұнайды. Әлбетте, кез келген жұмыстың қиындығы да болады емес пе? Мәселен, бұл салада жануарлар арасында болатын сирек кездесетін аурулармен (қатерлі ісік, генетикалық ауытқулар және т.б.) жұмыс істеу кезеңі аздап қиынға соғады.  Тағы бір мәселе бар. Егер адамдар ауырса, олар қай жері ауыратынын айтып, түсіндіріп береді. Ал жануарлар сөйлемейді ғой. Сондықтан ветеринарлық дәрігер өзі жануарлардың ауруын анықтап, дұрыс диагноз қойып, ем-дом жасау керек. Сондай-ақ кей уақытта жануарлар қатты қорқып не шаршап тұрады. Соны да айыра білу аздап қиын болады», - деді сала маманы.

Мал дәрігері қауіп-қатермен жиі ұшырасады. Себебі жылдың төрт мезгілінде түрлі ауруға шалдыққан төрт түлікті алдымен осы сала мамандары тексереді және нәтижесіне қарай ем-домын жасайды.

«Бұл саланы мектеп қабырғасында таңдауыма жануарларға деген жанашырлық және олардың өмірін жақсарту себеп болды. Ветеринар маман, яғни біз, жануарлардың денсаулығын күтіп, ауруларға диагностика жасап, алдын алу іс-шараларын жүргіземіз. Одан бөлек, олардың иелеріне пайдалы кеңес береміз», - деді ол.

Ерлан Зікібаев алдағы уақытта мал дәрігері болуды жоспарлап жүргендерге кеңесін айтты.

«Бұл салада әуелі жануарларға қызығушылық танытатын, жауапкершілігі мол, ізденімпаз азаматтар жұмыс істей алады. Сонымен қатар маман жұмыс барысында кей жағдайларда төзімділік таныта алуы қажет. Бастысы - командалық жұмыс, тез үйреніп кетуі өте маңызды», - деді басшы.