Әртүрлі

Бүгін – Ұлттық ұланның құрылғанына 33 жыл

Бүгін Ұлттық ұланның әскери қызметшілері үшін елеулі күн. 1992 жылдың 10 қаңтарында Ішкі әскер, кейіннен Ұлттық ұлан болып өзгерген күштік құрылымның негізі қаланды. Құқықтық тәртіп әскерінің кәсіби мейрамына орай ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековпен Elordainfo.kz сайты тілдескен еді.

Фото: akorda.kz

Әлемге өзін дербес мемлекет ретінде жариялаған жас Қазақстанның дамып-қалыптасуы, егемендігінің нығая түсуі, азат мемлекет ретінде өркендеуі үшін ішкі тұрақтылықтың маңызы зор еді. Алдында күрделі сынақтар тұрған, тәуелсіздік алғанына бір ай тола қоймаған республикамыздың мемлекеттік мүдделерін іске асыру үшін іштегі тыныштық пен қоғамдық тәртіптің үлкен рөл атқаратынын ескерген Президент «Қазақстан Республикасының Ішкі әскерлерін» құру туралы шешім қабылдайды. Сәйкесінше, құқықтық тәртіп әскерінің тарихы Бірінші Президент Жарлығы шыққан күн – 1992 жылдың 10 қаңтарынан бастау алады.

Фото: akorda.kz

«2014 жылы бұрынғы Ішкі әскерлер «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы» болып қайта қалыптасты. Әскердің Бас қолбасшылығы Астана қаласында орналасқан. Уақыт талабына сай жедел мақсаттағы әскери бөлімдер құрылып, бригадалық жүйеге көшу арқылы әскерді басқару жүйесіне де өзгерістер енгізілді. Дәлірек айтсақ, бүгінде Ұлттық ұлан құрылымына «Оңтүстік» (Алматы), «Орталық» (Қарағанды), «Батыс» (Орал), «Шығыс» (Өскемен) өңірлік қолбасшылықтары, Ұлттық ұлан академиясы (Петропавл) кіреді», - деді генерал-майор.

Сонымен қатар бас қолбасшылыққа тікелей бағынатын әскери бөлімдер бар. Олар: елорда іргесіндегі Үркер кентінде орналасқан әскери қалашық – астаналық жедел бригада (5573 әскери бөлімі), Астана әуежайының маңында орналасқан Ұлттық ұлан авиациялық базасы (3656 әскери бөлімі), Алматы облысы Заречный кентіндегі оқу құрамасы (6654 әскери бөлімі). Сондай-ақ 2024 жылдың желтоқсан айында өзінің 25 жылдығын атап өткен «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелері.

Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен

«Әскердің негізгі міндеттерінің бірі –  маңызды мемлекеттік нысандарды күзету. Дәлірек айтсақ,  мұндай объектілер сапында – Маңғыстау атом энергетикалық кешені, Алматыдағы Ұлттық Банктің банкнот фабрикасы, Үлбі метталургиялық зауыты мен Қазақстан теңге сарайы бар», - деді Бас қолбасшы.

Жалпы ұландықтар 12 стратегиялық және 3 аса маңызды мемлекеттік объектіні күзету мен қорғауды қамтамасыз етеді. Жыл сайын жауынгерлік қызметте 6 мыңнан астам міндет орындалады.

Сондай-ақ ұландықтар табиғи апат аймақтарынан азаматтарды эвакуациялауға қатысады.

Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен

«Елімізде, өкінішке қарай, орын алып тұратын табиғи апаттар - орман және егіс өрті, су тасқыны, қар құрсауы сынды сын сағаттарда ұлттық ұландықтар халыққа алғашқылардың бірі боп көмекке келіп, алдыңғы шепте жүреді. Күллі әлемге таралған індет кезінде, Қаңтар оқиғасында әскер жауынгерлері ерекше ерліктерімен, антқа адалдықтарымен көзге түсті. Елдің кез келген өңірінде тосыннан туындайтын төтенше жағдайлардағы міндеттерді орындауға Ұлттық ұланның дер кезінде қатысуын қамтамасыз етуге, яғни әскерді мобильдендіруге айрықша көңіл бөлінеді», - деді спикер.

Ұлттық ұлан авиациясы 1992 жылдың мамырында құрылған. Ол 2018 жылы Алматыдан Астанаға көшірілді. Ал былтыр елордада Ұлттық ұланның заманауи авиациялық базасы пайдалануға берілді. Оның ашылуына ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. 

Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен

«Авиация балансы Ми-171 тікұшақтары мен Ан-74 және Y-8 ұшақтарының жаңа үлгілерімен толықты. Әскер құрылған күннен бастап авиацияның ұшу құрамы қоғамдық тәртіпті сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 70 мыңнан астам ұшуды жүзеге асырды. Сондай-ақ Тәжікстанға, Сирияға, Түркияға, Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету міндеттерін орындады», - деді Аңсаған Балтабеков.

Ұлттық ұланның арнайы жасақ жауынгерлері Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің халықаралық ынтымақтастығы шеңберінде «Нерушимое братство», «Антитеррор», «Кобальт», «Единство», «Қызыл бархан», «Өзара іс-қимыл», «Жартас» сияқты қырыққа жуық халықаралық жаттығуларға қатысты. Аса ауыр қылмыстар мен заңсыз қылмыстық топтарды, есірткі өндіруші және тасымалдаушы каналдарды құрықтауда ҰҚК және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, арнайы операциялар жүргізеді.

Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен

Бүгінгі таңда Ұлттық ұлан еліміздің 21 қаласында қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде. Жауынгерлік қызметке күн сайын 5 мыңнан астам әскери қызметші шығады.

«Қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен бірлесіп, 40-қа жуық түзеу мекемесінде ұландықтар сотталушыларды күзету және қадағалау міндетін, бақылаушылық қызметті жүзеге асыруда. Бейнебақылау жүйелері арқылы қызмет көрсетудің жедел әдісі кеңінен қолданылып келеді. Бұдан бөлек 32 теміржол және автомобиль маршруттары бойынша айдауылдау міндеті  атқарылады, 29 сот мекемесінде сот ісін жүргізу процестерінде қауіпсіздік қамтамасыз етіледі», - деді Аңсаған Балтабеков.

Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен

Ұлттық ұлан академиясында бакалавриаттың сегіз мамандығы және магистратураның бір мамандығы оқытылады. 

«Астананың қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігіне жауапты 5573 әскери бөлімінен күн сайын 1200-дей әскери қызметші елорда көшелерінің тыныштығын қадағалап, азаматтардың құқығын қорғау қызметін атқарады. Астана төрінде өтетін ҰҚШҰ саммиті, Дүниежүзілік көшпенділер ойыны, мемлекет басшыларының іссапарлары, үлкен масштабтағы мәдени-спорттық, қоғамдық-саяси шаралар кезіндегі тұрақтылықтың сақталуын қамтамасыз етеді. Астаналық жедел құраманың жеке құрамы жыл сайын екі рет: көктемгі және күзгі шақырылым науқанында 800-ге жуық сарбазбен жаңарып, толығып отырады», - деп сөзін түйіндеді Аңсаған Балтабеков.

Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен