Әртүрлі

Бүгін – Әбіш Кекілбаевтың туғанына 85 жыл

Бүгін заңғар жазушы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың туғанына 85 жыл толды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Халық жазушысы, ұлтымыздың мақтанышы Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсан күні 362 әулиенің мекені, Пір Бекет, Шақпақ ата, Шопан ата сияқты ғұлама бабаларымыз өмір сүрген Маңғыстау топырағында дүниеге келген.

Қазақ әдебиетінің «Алтын ғасыры» атанған XX ғасырдың 50-60-жылдары әдебиет әлеміне бір шоғыр таланттар келді. Солардың арасында тырнақалды туындысы «Алтын шуақпен» әдебиет әлеміне келген Әбіш Кекілбаевтың орны бөлек еді. Бұдан соң сөз зергерінің «Бір шөкім бұлт» атты өлеңдер жинағы жарық көрді.

Сөз өнерінің қақпасын өлеңмен қағып, кейін көркем прозада әлемдік мәдениет қазынасына мол үлес қосқан Әбіш Кекілбаев – қаламгерлік қуаты мол, кестелі сөздің иесі. 

«Талайғы Тараз», «Шандоз» жинақтары тарих пен танымды, мәдениет пен ежелгі өнердің құпия сырын ұштастырған заманауи ой-танымға жаңа бағыт әкелген дүниелер. «Сыр десте» деген атпен ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің бес томдық арнайы жинағы жарыққа шығуы – қазақ көсемсөзінің көкжиегін кеңіткен мұнаралы биіктер. Ал «Аңыздың ақыры», «Елең-алаң», «Үркер», «Шыңырау» роман-повестері – қайталанбас туындылар. Классик қаламгердің бұл еңбектері әлем әдебиетінің алтын қорына енген.

Ол – көзінің тірісінде-ақ заңғар жазушы, ойға кенен парасат иесі ре­тінде мойындалған сирек тұлғаның бірі.

Қаламгердің тәуелсіздік тұсында жырмен толғаған «Абылай хан» драмасы – азаттық жолында арпалысқан хандарымыз бен батыр­ларымызға, билеріміз бен игі-жақ­сы­ла­рымызға зерлі сөзбен тұрғызылған жауһар ескерткіш.

Әбіш Кекілбаев – ғұлама жазушы ғана емес, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол еліміздегі жоғары лауазымдарда қызмет істеп, халықтың ықыласына бөленді. Көрнекті қайраткер егемен еліміздің тарихи шежіресінде өз қолтаңбасын қалдырды. Қазақтың абызы атанып, саналы ғұмырын еліне қалтқысыз қызмет етуге арнаған ардақты азамат.

Әбіш Кекілбаев – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған тұңғыш қаламгер.