Әртүрлі

Бүгін – Қазақстан Қарулы күштерінде Танкистер күні

Қазақстан Қарулы күштерінде 15 қыркүйек – бронды танк техникасымен қызметі тығыз байланысты әскери қызметшілер мен ардагерлердің мерекесі – Танкистер күні ретінде атап өтіледі. Бұл техника Құрлық әскерлерінің қуаты мен соққы күшінің символына айналған, деп хабарлады Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаевтың айтуынша, жыл сайын танкистердің кәсібилігі мен шеберлігі артып, атыс техникасы мен ұрыс жүргізу тактикасы жетілдірілуде. Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде Танкистер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы, ардагерлер, әскери қызметшілер мен курсанттар қатысты.

Қорғаныс министрі атынан жиналғандарды оның орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев құттықтады. Өз сөзінде ол ардагерлер мен қазіргі танкистердің елдің қорғаныс қабілетін нығайтудағы рөлін атап өтті.

«Қазіргі қақтығыстар танк әскерлерінің әлі де ұрыс алаңындағы шешуші күштердің бірі екенін көрсетуде. Танкистер – бұл күштің, машықтың және үйлесімділіктің символы», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары.

Мереке аясында ардагерлер мен әскери қызметшілерге алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. Мерекелік іс-шара 68665 әскери бөлімі Құрмет қарауылы ротасының дефилесі және Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің мерекелік концерттік бағдарламасымен аяқталды.