«Қазсушардың» 280-ге жуық жұмысшысы тұрақты жұмыспен қамтылды
Жыл басынан бері «Қазсушардың» 279 маусымдық жұмысшысы тұрақты жұмыспен қамтылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Жақын арада тағы 146 адам тұрақты жұмысқа қабылданады. Осылайша кәсіпорындағы 425 маусымдық жұмысшының барлығы тұрақты жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар бұл жұмысшыларға жаңа міндеттер жүктеледі. Олар каналдар мен гидротехникалық құрылғыларды жөндеуге қатысады, су пайдаланушылармен жұмыс істейді, су тасқыны мен төтенше жағдайлар кезінде кезекшілік атқарады, сондай-ақ гидротехникалық нысандарды консервациялаумен айналысады.
«Бұрын маусымдық жұмысшылар жылына 6-8 ай ғана жұмыс істейтін. Енді барлығы тұрақты жұмыспен қамтылады. Министрлік су шаруашылығы мамандарының еңбек жағдайын жақсарту шараларын қабылдап жатыр. Жаңа техника сатып алынуда, ал қыркүйек айында «Табиғи монополиялар туралы» заңға өзгерістер күшіне енеді. Осы өзгерістерге сәйкес, су саласындағы 25 000 қызметкердің жалақысы орта есеппен 35-50% өседі», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.