Әртүрлі

Азаматтық авиацияны дамытудың бас жоспары әзірленеді

Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Қазақстанның азаматтық авиация саласын 2050 жылға дейін дамытудың стратегиялық бас жоспарын әзірлейді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

ҚР Көлік министрлігі мен Халықаралық азаматтық авиация ұйымы 10-12 ақпанда Абу-Даби қаласында өтіп жатқан ИКАО-ның 2025 ж. енгізуді жаһандық қолдау жөніндегі Жаһандық Симпозиум шеңберінде (GISS-2025, Global Implementation Support Symposium) Қазақстанның азаматтық авиация саласын дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиялық Мастер-жоспарын әзірлеу жөніндегі тиісті құжатқа қол қойды.

«Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласын дамытудың бас жоспары Қазақстанның азаматтық авиация саласын одан әрі жоспарлаудың кешенді стратегиясы мен алгоритмін әзірлеуге мүмкіндік береді, онда әуежайларды, аэронавигацияны, әуекомпанияларды дамыту, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік деңгейін арттыру, әуе көлігінің қолжетімділігі мен ырықтандыруы және т.б. қарастырылған», - деп жазылған хабарламада.

Айта кету керек, ИКАО ең білікті сарапшыларға ие және ИКАО-ға мүше мемлекеттердің даму стратегияларын әзірлеуде мойындалған көшбасшы болып табылады. Қазақстан Орталық Азия мен ТМД кеңістігінде транзиттік-көліктік әлеуетті дамыту және Қазақстанды ірі байланыстырушы өңірлік авиациялық хабқа айналдыру жөніндегі ұлттық міндеттерге сәйкес Қазақстанның авиациялық секторын тұрақты дамыту, жаңғырту және тиімді пайдалану көзқарасын және ИКАО-мен стратегиялық ынтымақтастық орнатқан бірінші мемлекет болғанын ерекше атап өткен жөн. 

Қазақстандық тараптың атынан келісімге ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, ал ИКАО атынан Ұйымның Бас хатшысы Хуан Карлос Салазар қол қойды. Қол қою рәсіміне сондай-ақ ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано мырза және Қазақстан Республикасының ИКАО жанындағы Тұрақты өкілі Тимур Тілегенов мырза қатысты.