Әртүрлі

«Қазақ қырқынан шықпаған баланы «әлі жердің баласы емес» деп барынша сақтаған» – этнограф

Сәби дүниеге келген соң оны 40 күн бойы бөтен адамға көрсетпей, ерекше күтім жасайды. Кейін өміріндегі қауіпті кезең аяқталды деп дәстүр бойынша қырқынан шығарады. Бұл дәстүрдің мәні неде? «Бала қырық күнін күтіп жүр» деген нені білдіреді? Неліктен  ұл баланы қырық күнге жеткізбей, қыз баланы қырық күннен асырып қырқынан шығарады? Elordainfo.kz тілшісінің осы және өзге де сұрақтарына тарихшы-этнолог, ұлттық құндылықтарды дәріптеуші Тұрар Сәттарқызы жауап берді.

Тұрар Сәттарқызының айтуынша, қазақ сәби дүниеге келген кезде «әлі жердің баласы емес» деп есептеген.

«Халқымыздың әр дәстүрінің артында терең мағына жатыр.  Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы баланың өмірге келгеннен кейінгі алғашқы 6 апта ана мен бала өміріне қауіпті кезең деп атайды.  Бүгінде ғылыми тұрғыда анықталған ақиқатты бабаларымыз атам заманнан-ақ білген. Қазақ қырқынан шықпаған баланы «Әлі жердің баласы емес» деп барынша сақтық шараларын жасаған екен. Қырық күн бойы түнде шырақ жағып, баланың шошынып не тұншығып қалмауын қатты қадағалаған. «Кенеттен болатынның кесірі тимесін» деп 40 күнге дейін сыртқа шығармаған. Себебі жаңа туған сәбиге түрлі микробтар жұға бастайды. Сондықтан медицина саласы да бала қырқынан шықпай жатып бөтен көзге көрсетпеу дәстүрін қолдайды», - дейді ол.

Тарихшы-этнолог қырқынан шықпаған баланың көзі тұманданып, назарын тоқтата алмайтынын айтып өтті.

«Сәби дүниеге келген кезде оның дене тазалығына көңіл бөлінеді. 40 күн бойы тұзды және сабынды сумен, кейде түрлі шөптердің қайнатпасымен шомылдырып отырған. Жуындырған соң қойдың құйрықмайымен майлап, денесін жұмсартып сылаған.  Қырқынан шықпаған сәбилер көп жылайды, анасының да мазасы кетеді. Баяғыда әжелеріміз «Бала қырық күнін күтіп жүр» дейді екен. Шынында да барлық жөн-жоралғысымен баланы қырқынан шығарғаннан кейін сәби жылауын тоқтатып, тынышталады. Жанары жылтырап, жан-жағына көз тоқтатып қарай бастайды, дыбыстарды аңғарады. Дәстүр бойынша ұл баланы қырық күнге жеткізбей 37-39 күнде, қыз баланы 40 күнге толтырып қырқынан шығарады. «Әйел – қырық шырақты, өмір белесінде бір шырағы жанбаса, бір шырағы жанып игілік көріп, маңдайы ашылады» деп айтылған сөз осыған орай шыққан екен», - деп түсіндірді Тұрар Сәттарқызы.

Дәстүр бойынша  баланы жуындыратын ыдыстың түбіне жуылған күміс бұйымдарды, сақина, жүзіктерді, білезіктерді салады. Өйткені халқымыз күміс тазартады және залалсыздандырады деп сенген.

«Күмістің емдік қасиетін ата-бабаларымыз ертеден білген. Баланы шомылдармас бұрын иткөйлегін шешіп алып, оған тәттілерді түйіп, иттің мойнына байлап жіберген. Балалар итті қуалап жүріп не алдап шақырып алып, мойнына байланған түйіншекті шешіп алып, тәттілерді таласа жеген. Ал иткөйлекті бала көтере алмай жүрген әйелдерге беретін ырым болған. Шақырылған әжелер, аналар, келіншектер түбіне күміс салған ыдысқа арнайы дайындалған судан тілек айтып құя бастаған. «Ғұмырлы болсын!», «Дені сау болсын!» деген сияқты ақ тілектерін айтқан. Есептен жаңылмас үшін бір адам санап тұрған. Осылайша қырық қасық су күмістің үстіне құйылады. Сол қырық қасық суға сәбиді жуындырған. Сәбидің су тимеген жері қалмауы керек. «Шілде қотыр» шықпасын деп, сәбидің саусақтарының, башпайларының арасын, құлақтың іші-сыртын, мұрын қуысын, қолтықтың астын мұқият жуған»,- дейді ол.

Тарихшы-этнолог жаңа туған сәбидің шашын уақытында алмаса, бала ауыра беретінін айтты.

«Баланы шомылдырып біткен соң жұмсақ матадан тігілген көйлек кигізген.   Сәбидің тырнағы мен  шашын ел алдында жүрген қадірлі қариялар мен азаматтарға алғызған. Қарын шашты уақытында алмаса, бала ширамай ауыра беретін болған. Тырнақты да 40 күнде алмаса, көбі қызарып, бала мазасызданған. Шаш пен тырнақты  адам аяғы баспайтын таза жерге немесе «ұрпағы көп болсын» деп жеміс ағашының түбіне көмеді. Соңынан барлық әйел су түбіндегі күміс бұйымдарды өзара бөлісіп алысқан», - дейді ол.

Осы орайда  дәстүрді неліктен «қырқынан шығару» деп атаған деген сұрақ туындайды. Тұрар Сәттарқызының айтуынша, жаңа туған сәбидің ет пен сүйегі 40 күнде бірігеді екен.

«Қазақ үшін 40 саны қасиетті. Қырық санының қасиеті мен киесі де баланың ана құрсағында қырық апта болуынан басталады. Қырқынан шығару салтының ең басты мәні – сәби 40 күнге жеткенде еті мен сүйегі бірігеді. Бала қырқынан шыққаннан кейін ғана ол өмірге қадам басады, тіршілікке бейімделеді. Осының құрметіне дастарқан жайып, қырқынан шығару тойын өткізеді. Адамның дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы қырық күні қиын уақыт болып есептелсе, дүниеден өткеннен кейінгі қырық күні де ауыр мезгіл болып саналған. Жарықты өшірмей, қырқын беру де салтымызда бар. Адам өмірден озғанда қырық күннен кейін ет пен сүйек ажырайды. Аз болсын, көп болсын, ет пен сүйек бірге өмір сүрді, уақыты жетіп ажырағанда соған арнап ас беріліп, оны «қырқын беру» деп атаған. Екеуін шатастырып алмау қажет», - деп түсіндірді ол.