Қазақтың «Бестемше» ұлттық ойыны Анкарада таныстырылды
Түркияның Анкара қаласында «Зияткерлік ойындарды үйретудің заманауи технологиялары және әдістемелік ерекшеліктері» атты II халықаралық семинар өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мангала федерациясы мен Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы ұйымдастырған іс-шараға 15 елдің педагогі қатысты. Олар зияткерлік ойындардың әр түрлері бойынша тәжірибе алмасты.
«Әр елден келген педагогтер балаларға арналған заманауи ұлттық мангала, тоғызқұмалақ, бестемше, отелло, шоги, дойбы және дәстүрлі асық ойындарын таныстырды. Соның ішінде қазақтың ұлттық ойыны саналатын бестемшені Астанадан барған №5 «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Мөлдір Жолбарысова көрсетті. Бұл ойын халықаралық семинарға қатысушылардың қызығушылығын тудырды», - деп жазылған хабарламада.