Әртүрлі

Қазақ тазысы алғаш рет Дүниежүзілік иттер көрмесінде таныстырылды

Хельсинкиде 7-10 тамыз аралығында өткен «World Dog Show 2025» атты Дүниежүзілік иттер көрмесінде қазақ тазысы алғаш рет халықаралық деңгейде ресми түрде таныстырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Дүниежүзілік иттер көрмесінде 8 қазақ тазысы көрсетілді.

Көрме барысында Қазақстанның Финляндиядағы Елшілігі мен ҚР кинологтар одағы бірлесіп, қазақ мәдениеті күндерін өткізді. Бұл күндер көрменің мәдени бағдарламасының маңызды бөлігіне айналды. Ұлттық стендте қазақ тазысының тарихи шығу тегі, өзіндік ерекшеліктері мен қазақтың мәдени мұрасы ретіндегі маңызы туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.

Көрермендер безендірілген буклеттер, ақпараттық материалдар мен бейнепрезентациялар арқылы Қазақстанның бай мәдениетімен, ұлттық салт-дәстүрлерімен және табиғатымен танысуға мүмкіндік алды. Қонақжайлық аймағында ұсынылған ұлттық тағамдар мен қазақ тұрмысының элементтері ерекше қызығушылық тудырды. Бұл аймақта әрбір келуші еліміздің өмір салты мен дәстүрлі құндылықтарына жақын таныса алды.

«World Dog Show 2025» көрмесіндегі қазақ тазысының таныстырылымы осы ерекше тұқымды халықаралық деңгейде танымал ету жолындағы маңызды қадам болды және көрме қатысушылары мен қонақтарының үлкен қызығушылығын тудырды.