Әртүрлі

Қазақстанның туристік бизнес өкілдеріне «Сапа белгісі» сыйлығы табысталды

Туризм индустриясының стандарттарына сәйкес келетін қазақстандық 89 туристік бизнес өкіліне «Сапа белгісі» сыйлығы табысталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

2021 жылы Kazakh Tourism бастамасымен қолға алынған «Сапа белгісі» бағдарламасы қонақжайлылық мәдениетін арттыруға және елдегі туристік қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған. Үш жыл ішінде 210-нан астам компания өз қызметінің туризм индустриясы стандарттарына сәйкестігін растады.

Kazakh Tourism компаниясының мәліметінше «Сапа белгісі» екі деңгей бойынша беріледі: Very Nice және Nice.

«Туристік қызметтердің сапасы – елдің саяхатшылар үшін тартымдылығын айқындайтын маңызды фактор. «Сапа белгісі» бағдарламасы жоғары стандарттарды сақтауға көмектеседі және компанияларды даму мен жаңашылдыққа ынталандырады. Үміткерлерді іріктеу  мемлекеттік органдар мен өңірлік кәсіпкерлер палаталары өкілдерінен құралған жұмыс тобының кешенді бағалауы арқылы жүргізеді», – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Садвақасов.

Биыл өтінімдер төрт негізгі санат бойынша қабылданды: «Орналасу орындары», «Тамақтану пункттері», «Туроператорлар» және «Гидтер мен экскурсоводтарды дайындау орталықтары».

«Сапа белгісімен» марапатталғандардың дені – қонақүй, санаторий және демалыс үйлері. Өтінімдер саны бойынша астаналық туристік нысандар көшбасшы атанды. Екінші орынды Ақмола өңірінің өкілдері иеленсе, үшінші орынды Алматы, Шымкент қалаларының және Алматы облысының кәсіпкерлері түйіндеді. Сонымен бірге марапатқа Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарының бірнеше бизнес өкілі ие болды.