Қазақстанның 5 университеті жаһандық рейтингте аймақтың көшбасшысы атанды
Қазақстан жоғары білім беру саласында алғаш рет әлемдік көшбасшылардың қатарына қосылды. Times Higher Education World University Rankings 2026 рейтингінде бірден бес отандық жоғары оқу орны жаһандық тізімге енді, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, Назарбаев университетінің 401-500 диапазонына кіруі – қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтер тарихындағы ең жоғары көрсеткіші.
«2025 жылғы нәтижелер бойынша Қазақстан Орталық Азия мен Кавказ елдері арасында ең көп оқу орны енген мемлекетке айналды. Биыл рейтингке қазақстандық бес университет енді, олардың ішінде Nazarbayev University алғаш рет әлемдік топ-500 қатарынан орын алды. Сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өз орнын 1201-1500 диапазонында сақтап қалды. Сондай-ақ тізімге Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Satbayev University және Қазақ аграрлық зерттеу университеті енді. Осылайша, ел жоғары оқу орындарының саны бойынша ғана емес, сапасы бойынша да өз позициясын күшейтті», - делінген министрліктің хабарламасында.
Times Higher Education сарапшыларының айтуынша, Орталық Азия мен Кавказ әлемдік академиялық кеңістікте «жаңа тартылыс орталығына» айналып келеді. Егер 2020 жылы рейтингте өңірдің үш университеті болса, бүгінде олардың саны 17-ге жеткен, яғни алты есеге жуық артқан.
World University Rankings – бұл зерттеу университеттерінің ең ірі және теңгерімді халықаралық рейтингі. Әдістеме 18 көрсеткішке негізделген, олар бес бағыт бойынша топтастырылған:
Оқыту (Teaching) – білім беру сапасы мен академиялық бедел;
Зерттеу ортасы (Research Environment) – табыс, өнімділік және зерттеу беделі;
Зерттеу сапасы (Research Quality) – дәйексөз келтірілуі, зерттеу күші мен ықпалы;
Халықаралық бағдар (International Outlook) – шетелдік студенттер, қызметкерлер және жарияланымдар үлесі;
Индустриямен байланыс (Industry) – өнеркәсіппен өзара әрекет және патенттік белсенділік.
Бағалау барысында 19 млн ғылыми жарияланым, 1,5 млн сарапшының пікірі және 3 мыңнан аса университеттің институционалдық деректері ескерілген.