Қазақстандықтардың зейнетақы активтері 21 трлн теңгеден асты
1 қазандағы жағдай бойынша отандастарымыздың БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарындағы зейнетақы активтері шамамен 21,2 трлн теңге болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қор баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 ай ішінде 3,3 трлн теңгеден аса мөлшерге өсті. Зейнетақы жинақтарының жылдық өсімі – 4 трлн теңге.
Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының көлемі 2024 жылдың 01 қазанына шамамен 20,4 трлн теңге болды, бір жылдағы өсім – 22,2%. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтары – 628,6 млрд теңгеден асады, бір жылдағы өсім – 14,4%. Ең үлкен өсімді (44,8%) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті, оның көлемі – шамамен 7,1 млрд теңге.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына қосымша қаражат – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) түсуде. 2024 жылдың 9 айында ЖМЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы шамамен 170 млрд теңгеге жетті.