Әртүрлі

Жекеменшік мектептерге 82 млн теңге айыппұл салынды

Қазақстанда 500-ден астам жекеменшік білім беру мекемесіне жоспардан тыс бақылау жүргізіліп, нәтижесінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша мемлекеттен жан басына шаққандағы қаржыландыруды алатын жекеменшік білім беру ұйымдарында санитариялық, өртке қарсы және басқа да нормалардың сақталуына кешенді тексеру жүргізілді.

Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата орта білім беруде жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігі мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының іске асырылу барысына мемлекеттік аудит жүргізген болатын. Аудит барысында кейбір жекеменшік білім беру ұйымдарында қолданыстағы заңнама нормаларының бұзылуы анықталды.

Осыған байланысты Білім министрлігімен, Денсаулық сақтау министрлігімен және Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп жан басына шаққандағы қаржыландыруды алатын жекеменшік оқу орындарын мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының, санитариялық-эпидемиологиялық нормалардың және т. б. талаптарын сақтау тұрғысынан тексеру жүргізу тапсырылды.

«Нәтижесінде осындай 542 білім беру мекемесіне жоспардан тыс бақылау жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша 5219 өрт қауіпсіздігін бұзу, 436 мектепте санитариялық нормаларды бұзу фактілері анықталды.Аталған бұзушылықтар үшін жалпы сомасы 82 млн теңгеден астам айыппұл салынып, 611 жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген Жоғары аудиторлық палатаның хабарламасында.