Қазақстанда Samsung теледидарлары мен кір жуғыш машиналарын өндіру басталды
Қарағанды облысы, Сарань қаласында орналасқан Silk Road Electronics зауытында Samsung брендіндегі теледидарлар мен кір жуғыш машиналарды өндірудің ресми іске қосылу рәсімі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараға Қарағанды облысының әкімі және Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы қатысты.
Жобаның жүзеге асырылуы мемлекет, инвесторлар және бизнес өкілдерінің бірлескен күш-жігерінің нәтижесі болды. Жаңа өндіріс жұмыс орындарын құруға, ілеспе салалардың дамуын ынталандыруға, инвестиция тартуға, сондай-ақ технологиялар мен өндірістік құзыреттерді беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорында SmartThings экожүйесін қолдайтын Samsung кір жуғыш машиналары, сондай-ақ жоғары айырымдылықтағы және Smart TV функциясымен жабдықталған теледидарлар (Crystal UHD 4K, FHD және HD үлгілері) өндірілетін болады. Болашақта QLED сериялы теледидарларды шығару жоспарлануда.
Жыл соңына дейін Samsung брендімен 10 мың теледидар мен 25 мың кір жуғыш машина шығару жоспарлануда.
Желінің қуаттылығы жылына 150 мыңға дейін теледидар мен 200 мыңға дейін кір жуғыш машинаны шығаруға мүмкіндік береді.
Әлемдік бренд өнімдерінің Қазақстанда өндірілуінің басталуы машина жасау саласының дамуының маңызды кезеңі болып табылады және импортты алмастыру мен өнімді жергіліктендіру деңгейін арттыру саясатын іске асыруға ықпал етеді.