Әртүрлі

Қазақстанда нашақорлыққа қарсы күрестің жаңа жоспары әзірленіп жатыр

Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин телеграм-арнасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қазір 2026-2028 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері аталған жобаны талқылады.

Құжат жобасы қолданыстағы 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарды іске асыру тәжірибесі негізінде әзірленіп жатыр.

Жаңа жоспар әлдеқайда ауқымдырақ – 109 тармақтан тұрады. Нашақорлықтың алдын алу мәселелеріне айрықша көңіл бөлінген. Жаңа технологиялар енгізіледі», - деп жазды Мемлекеттік кеңесші.

Айта кетейік, 2023 жылы Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданған.

Осылайша нашақорлықтың таралуына қарсы күрес жұмысы жандана түсті: 50,4 тонна есірткі және 105,2 тонна прекурсор тәркіленді; 25 ұйымдасқан қылмыстық топ, оның ішінде 4 трансұлттық топ жойылды; 71 есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды; есірткі саудасымен айналысатын 6 мың сайт бұғатталды; есірткі таратушылардың 2,5 млрд теңгеден астам сомасы бар 44 мыңнан аса банк картасы бұғатталды.