Қазақстанда Lady Farmer байқауы басталды
Елімізде ұлттық Lady Farmer байқауы ресми түрде бастау алды. Бұл байқау еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде еңбек ететін немесе өз бизнесін жүргізіп жүрген әйелдерді қолдау және дамыту мақсатында өткізіліп отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Инициатива ауыл шаруашылығымен айналысатын әйелдерге өз жетістіктерін көрсетуге, тәжірибесімен бөлісуге және агросектордың дамуына қосқан үлесі үшін лайықты марапат алуға мүмкіндік береді.
Ұлттық статистика мәліметтері бойынша, Қазақстанның ауылдық жерлерінде үш миллионнан астам әйел тұрады, олардың көпшілігі білім беру, денсаулық сақтау, сауда және ауыл шаруашылығы салаларында еңбек етеді. Елдегі әрбір төртінші шаруа қожалығы немесе жеке кәсіпкерлік әйел адамның басшылығымен жұмыс істейді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға жаңа бастаған фермерлер де, ірі агрокәсіпорындардың басшылары да қатыса алады. Әсіресе инновациялар енгізіп, ерекше шешімдер таба білетін және шаруашылығын дамытуға ұмтылатын қатысушыларға баса назар аударылады.
Финалистер келесі номинациялар бойынша анықталады: AgroQueen 2025, Miss Green Energy, Ауыл Girl Power. Қазылар алқасының құрамына аграрлық БАҚ өкілдері мен танымал агроблогерлер кіреді.
Байқаудың финалы мен марапаттау рәсімі 2025 жылдың 17 шілдесінде Jańa Dala / Green Day 2025 халықаралық мамандандырылған көрме-көрсетілімі аясында өтеді.
Байқауды ұйымдастырушы – EXPO TIME компаниясы, Ұлыбритания елшілігінің қолдауымен.
Қатысу үшін анкета толтырып, өз жетістіктері, қолданатын тәсілдері мен аграрлық дамуға қосқан үлесі туралы ақпаратты жолдау қажет.
Сауалнаманы мына сілтеме арқылы толтыруға болады.
Өтінімдер 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін мына электрондық пошта арқылы қабылданады: adt.expotime@gmail.com.