Әртүрлі

Қазақстанда газ есептегіш көрсеткіштерін жасанды интеллект арқылы жолдауға болады

Отын-энергетика кешенін цифрлық трансформациялау аясында QazaqGaz Aimaq компаниясы газ есептегіш құрылғыларының көрсеткіштерін жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы автоматты түрде жіберуге арналған мобильді қосымшаны пилоттық режимде енгізе бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Цифрлық қызмет Қызылорда, Қостанай және Түркістан облыстарында сынақтан өтуде. Қосымшаны қазірдің өзінде 7 мыңнан астам тұтынушы жүктеп алған, оның ішінде Түркістан облысындағы белсенді пайдаланушылар жаңа сервистің ыңғайлылығын алғашқылардың бірі болып бағалап үлгерді.

Қосымшаның жұмыс істеу қағидасы қарапайым: тұтынушы есептегіштің фотосуретін түсіреді, ал жасанды интеллект негізіндегі жүйе мәліметтерді автоматты түрде таниды және өңдейді. Бұл бақылаушының келу қажеттілігін жояды, шоттардың жасалуын жеделдетеді және қателерді барынша азайтады.

QazaqGaz Aimaq компаниясының мәліметінше, бұл сервис операторларға түсетін жүктемені азайтып, есеп айырысудың ашықтығын арттыруға және халық арасында газды ұқыпты тұтыну мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жақын арада қосымшаның функционалы кеңейтіледі. Тұтынушылар төлем тарихын көру, есептегіштерді тексеру мерзімдері туралы ескертулер мен газ желілеріндегі жоспарлы жұмыстар туралы хабарламалар алу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ виртуалды көмекші мен адал тұтынушыларға арналған ынталандыру жүйесі – бонустар мен кэшбэк түрінде енгізу жоспарлануда, - делінген хабарламада.