Елімізде барыстардың саны 2 есеге артты
Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ол республикада қар барыстарының санын қалпына келтіру бойынша бірқатар кешенді шаралар қабылданғанын, негізгі мекендеу орындарында 3,6 млн га алаңда ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылғанын атап өтті. Қазір барыстар мекендейтін жерлердің шамамен 70 пайызы ЕҚТА ретінде қорғалған.
Есепке алу және мониторинг жүргізудің заманауи әдістері, фототұзақтар мен спутниктік телеметрия белсенді қолданылады. 11 барыс спутниктік арнайы мойын қарғысымен таңбаланды. Алдағы уақытта ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін жетілдіру жоспарланып отыр.
«Қар барыстарын қорғау және мониторинг жүргізу бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде олардың саны 90-шы жылдардағы ең төменгі деңгейден (80-100 бас) екі есеге артып, 180 басқа дейін жетті. Жануардың бұл түрін сақтап қалу жұмыстары жалғасуда, трансшекаралық және халықаралық ынтымақтастық белсенді даму үстінде», — деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.