Әртүрлі

Қазақстанда барыс бейнесі бар жаңа қорғаныш элементі енгізілген паспорттар беріліп жатыр

Абай облысында шілде айының ортасынан бері 5 мыңнан астам азамат жаңа қорғаныс элементтерімен жабдықталған паспорт алды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

 

Жаңа құжат үлгісі азаматтардың жеке деректерін қорғауды күшейту және қолдан жасау әрекеттерінің алдын алу мақсатында енгізілді. Енді Қазақстан азаматының паспорты мен азаматтығы жоқ адамның куәлігінің 2-бетінде барыс бейнесі бар HDM-элемент (жоғары ажыратымдылық металдандыру элементі) орналасады.
Бұл элемент құжаттың түпнұсқалығын жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Алайда, жарамдылық мерзімі әлі бітпеген ескі құжаттар өз күшінде қала береді, оларды ауыстыру міндетті емес.
Жаңа паспорттар тек мерзімі аяқталған жағдайда, құжат жарамсыз болғанда немесе азаматтың өз еркімен ауыстыру жөніндегі өтініші негізінде беріледі.
ІІМ өкілдерінің айтуынша, жаңартылған құжатқа деген сенім жоғары – бірнеше апта ішінде мыңдаған азамат жаңа үлгідегі паспортқа өтініш берген.