Әртүрлі

Қазақстанда 2,4 млн тонна астық бастырылды

2025 жылғы 22 тамыздағы жағдай бойынша елімізде егін жинау науқаны 15 өңірді қамтыды. Еліміздің оңтүстік аймақтарында егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Шымкентте егін орағы толығымен аяқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жедел деректеріне сәйкес, қазірдің өзінде 1,7 млн гектар астық жиналды, бұл жалпы егін алқабының 10,7%-ын құрайды және 2,4 млн тонна астық бастырылды.

Егін жинау жұмыстарына 300 мыңнан астам техника: 139 мың трактор, 31 мың комбайн, 17 мың астық жинау машина және 130 мың басқа да техникалар жұмылдырылды.

Энергетика министрлігімен бірлесіп, дизель отынын тиеп жөнелту бойынша мұнай өңдеу зауыттарына өңірлерді бөлу кестесі бекітілді. Соның арқасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері дизель отынын литріне 254 теңгеден алып отыр, бұл нарықтағы бағадан 18-20%-ға төмен. Қазіргі уақытта 135,4 мың тонна жанармай жөнелтілді.

Диқандар жоспардағы минералды тыңайтқыштармен 89% қамтамасыз етілген, жалпы 1,7 млн тонна тыңайтқыш жеткізілді. Қоймаларда тағы 43,3 мың тонна тыңайтқыш бар.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алғаш рет 2024 жылы егіс және жиын-терім науқанын ерте қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды. Бүгінде фермерлерді қаржыландыру жалғасуда: 

- жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша 502,7 млрд теңгеге 7594 өтінім берілді,

- «жеңілдікті лизинг» бағдарламасы бойынша 153,4 млрд теңгеге келісім-шарт жасалды,

- «Даму» қоры арқылы 228 млрд теңгеге 1312 кепілдік берілді.

Жиналған егіннің сақталуын қамтамасыз ету үшін элеваторлардың жаңа өнімді қабылдауға дайындығына тұрақты бақылау жүргізіледі.

Облыс әкімдіктерінің деректері бойынша республикадағы астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30,7 млн тоннаны құрайды, оның ішінде жұмыс істеп тұрған лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорындарында (АҚК) – 13,3 млн тонна, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде – 17,4 млн тонна.

Сақтау сыйымдылығының көрсетілген көлемі өткен жылдардың ауыспалы қалдықтарын ескере отырып, жиналған егінді сақтауға жеткілікті. Лицензияланған астық қоймаларының толтырылу көрсеткіші 2,2 млн тоннаны немесе 16%-ды құрайды. Элеваторлар мен астық қоймаларында орын тапшылығы жоқ. 

2025 жылғы егін жинау науқанының барысы Үкіметтің тұрақты бақылауында.