Қазақстан ТЖМ құрамасы халықаралық жарыста ұлттық рекордты жаңартты
Башқұртстанның Уфа қаласында ерлер мен әйелдер командалары арасында «Достық» кубогы мен «Алтын шабуыл» жүлдесіне арналған өрт-құтқару спорты бойынша халықаралық жарыстар аяқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жарыстың ақтық төртінші кезеңі «Мотопомпадан жауынгерлік қанат жаю» түрінен өтті. Бұл сайыста Қазақстанның ерлер ұлттық құрама командасы 23,37 секунд нәтижесімен екінші орынға ие болып, жаңа ұлттық рекорд орнатты.
Жарыстың барлық кезеңдерінің қорытындысы бойынша қазақстандық ерлер командасы екі қола және бір күміс медаль жеңіп алды. Жалпы командалық есепте Қазақстан Республикасының ерлер мен әйелдер құрамалары төртінші орынды иеленді.
«Бұл нәтиже біздің қажырлы еңбегіміздің жемісі ғана емес, Қазақстандағы барлық өрт сөндіру-құтқару спорты үшін алға жасалған қадам. Біз халықаралық аренада көшбасшылық позициялар үшін күресуге қабілетті екенімізді көріп отырмыз», - деп «Қазақстандық өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорт федерациясы» ҚБ атқарушы директоры Дәурен Данаев атап өтті.
Айта кетейік, өрт-құтқару спортынан келесі әлем чемпионаты 2025 жылғы 26 қазан мен 1 қараша аралығында Сауд Арабиясы Корольдігінің Эр-Рияд қаласында өтеді.