Әртүрлі

«Қазақстан отбасылары»: Елордада ұлттық баяндаманың таныстырылымы өтті

Астанада «Қазақстан отбасылары» ұлттық баяндамасының таныстырылымы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша әзірленді.

«Отбасы – қоғамға жан-жақты ықпал ететін әлеуметтік бағдарлар мен көзқарастарды қалыптастыратын маңызды әлеуметтік институт. Отбасының цифрлық картасына сәйкес қазіргі уақытта 6 млн 200 мың отбасы тұрады. Қазақстан отбасыларының сапалы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеті. Бүгінде отбасы институтын нығайту мақсатында заңнамалық база құрылған. Отбасы қатынастарын реттеу "Неке және отбасы" кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік тұжырымдама да іске асырылуда. Сондай-ақ елімізде отбасын қолдау орталықтарының функциясы бекітілді. Заңды іске асыру үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі отбасын қолдау орталықтары қызметін жүзеге асыру қағидаларын әзірледі. Бүгінде 65 орталық жұмыс істейді», - деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті отбасы саясатын үйлестіру басқармасының басшысы Таңшолпан Ерманова.

Ұлттық баяндама осымен төртінші рет әзірленіп отыр.

«Ұлттық баяндаманы дайындау барысында әлеуметтік зерттеу жүргізілді, 3 мың респонденттен сауалнама алынды және 30 сұхбат, 10 сараптама сұхбат алынды. Қазақстандағы отбасы мен некеге қатысты статистикалық мәліметтер, шетелдегі отбасы саясатына қатысты бағдарламалар талданды. Отбасы саясатын талдау барысында отбасыларға консультативтік кеңестер қажет екені анықталды», - деді Қазақстандық қоғамдық даму институты Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының сарапшысы Ақнұр Иманқұл.

Таныстырылым барысында Қазақстан отбасыларының әлеуметтік-демографиялық сипаты, азаматтардың отбасын жоспарлауы, репродуктивті мінез-құлқы, некелесу мен ажырасу мәселесі секілді тақырыптар талқыланды.

Аталмыш баяндама төрт тараудан тұрады. Әр тараудың бірнеше бөлімі бар. Оны жасаушылар әр тараудың маңыздылығы барын айтты.

Бірінші тарауда отбасы саясатын іске асырудағы жағдай, отбасын қолдау орталықтарының қызметі айтылады. Екінші тарауда отбасылардың әлеуметтік-демографиялық сипаттамасы беріледі, сондай-ақ отбасын жоспарлау процесі де қамтылған. Үшінші тарауда некеге тұру және ажырасу көрсеткіштеріне талдау жасалады. Соңғы тарау олардың материалдық және әлеуметтік жағдайына арналған.