Қазақстанға Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер жеткізілді
Бұл – Орталық Азия тарихындағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер. Ол жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеулерге арнайы жасалған NVIDIA H200 жаңа графикалық чиптерінің негізінде жинақталған, деп хабарлады Elordainfo.kz Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме жасап.
Оның өнімділігі шамамен 2 экзафлопсты құрайды.
Суперкомпьютерді орнату және іске қосу оның үздіксіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін Tier III сенімділік деңгейіндегі ЦДИАӨМ-тің жаңа деректер орталығында жүзеге асырылады. Бұл Президенттің өзінің цифрлық инфрақұрылымын құру және ұлттық AI-экожүйесін дамыту жөніндегі Жолдауын жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам.
Бұл бастама тек мамандар шеңберіне ғана емес, бүкіл елдің цифрлық экожүйесін дамытуға бағытталған. Мұндай қуаттылық бүгінде денсаулық сақтау, энергетика, білім беру және мемлекеттік қызметтер сияқты барлық салаларда қолданыс табуда.
Ең бастысы суперкомпьютер ресурстары баршаға қолжетімді болады. Оларға нейрондық желілерді оқыту үшін есептеу қуаты қажет стартаптар, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізетін университеттер, сондай-ақ жасанды интеллектті бизнес-процестерге енгізіп жатқан ғылыми орталықтар мен компаниялар қосыла алады.
Суперкомпьютердің жеткізілуі Қазақстанда жоғары өнімді есептеулер экожүйесін дамытуға жол ашты.
Айта кетейік, осының аясында Қазақстан алғаш рет жоғары технологиялық жабдықты кедендік баж бен ҚҚС-тан босату механизмін құрды. Бұл елімізді халықаралық IT-компаниялар мен деректер орталығы операторлары үшін әлдеқайда тартымды етеді.
«Бұл — елдің цифрлық инфрақұрылымын дамытудағы стратегиялық маңызы бар қадам. Ол Қазақстанның цифрлық егемендігін және ЖИ технологияларын дамыту мен жаһандық IT ойыншыларын тарту бағытындағы өңірлік көшбасшылығын нығайтады», - деп атап өтті Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.