Айдарбек Сапаров аграрлық салаға кадр даярлау жұмысын күшейтуді тапсырды
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен аграрлық ғылымды дамыту және Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының қызметіне қатысты мәселелер талқыланған кеңес өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мемлекет басшысы бізге аграрлық ғылымды дамыту бойынша бірқатар маңызды міндет жүктеді. Оның ішінде ҰАҒБО-ның қызметі де бар. Бұл орталық ғылым, білім мен бизнесті біріктіретін бірыңғай әрі тиімді экожүйеге айналуы тиіс. Бұл – еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, шетелдік технологияларға тәуелділікті азайту және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін аса маңызды. Біз аграрлық ғылымды жаңа сапалы деңгейге шығару үшін ең алдымен шешілуі тиіс мәселелерді анықтап алуымыз қажет», — деді министр.
Вице-министр Ербол Тасжүрековтің айтуынша, 2024 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында ҰАҒБО 16 ғылыми негізделген ұсыныс әзірлеген. Ал биыл тағы 10 ұсыныс дайындау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бағдарлама-мақсатты қаржыландыру аясында селекция және тұқым шаруашылығы, органикалық егіншілік, малды азықтандыру мен ұстау технологиясы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу сияқты негізгі бағыттарды қамтитын 34 ғылыми-техникалық бағдарлама жүзеге асырылуда.
2024–2026 жылдары аралығында ҰАҒБО-ның еншілес ұйымдары 7 негізгі бағыт бойынша 26 бағдарламаны іске асырады. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының 109 жаңа сорты мен будандары шығарылады, 2,3 мың тонна бастапқы тұқым өндіріліп, 11 селекциялық жетістік пен малды ұстау және азықтандыру бойынша 7 технология әзірленеді деп күтілуде. Сонымен қатар органикалық егіншілікке жарамды жерлердің цифрлық карталарын жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеудің 42 жоғары технологиялы әдісін әзірлеу, азық-түлік қауіпсіздігі бойынша 19 ұсыныс дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында министрлік кадр даярлау, жұмыс орындарын ашу және аграрлық мамандықтардың беделін арттыру бойынша салалық жоспар бекітті.
«Біз өңірлермен бірлесіп, сұранысқа ие мамандар — агрономдар, селекционерлер, ветеринарлар, механизаторларды даярлау ісін күшейтуіміз қажет. Ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындарының қызметіне терең талдау жасап, мамандарды даярлау процесінің еңбек нарығы мен қазіргі ауыл шаруашылығының талаптарына толық сәйкес келуін қамтамасыз ету маңызды.
Жалпы, аграрлық ғылымның тиімділігі саланың технологиялық ілгерілеу қарқынын айқындайды. Сондықтан ғылыми әзірлемелердің сапасын арттыру мен оларды өндіріске жедел енгізуге күш салу қажет. Тек осы жолмен ғана біз ауыл шаруашылығы өндірушілері мен ел экономикасы үшін нақты нәтиже ала аламыз», — деді Айдарбек Сапаров.