Айдарбек Ходжаназаров: Аграрлық саладағы реформалар ауыл өмірін жақсартуға септігін тигізеді
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің алғашқы форумы өтті. Жиынға қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Respublica партиясының Төрағасы Айдарбек Ходжаназаров аталған саладағы реформалар халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға ықпал етеді деген ойын білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумы отандық агросаланың даму жолдарын талқылауға, маңызды бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған үлкен қадам.
Президент өз сөзінде ауыл шаруашылығының ұлттық экономика үшін маңыздылығын ерекше атап өтті. Жалған статистикамен күрес қажеттігін айтты. Деректердің шынайылығы саланы тиімді басқарудың және даму перспективаларын дұрыс болжаудың негізі екендігі айтылды.
«Ауыл – халқымыздың рухани және экономикамыздың маңызды тірегі. Сондықтан аграрлық саладағы реформалар мен бастамалар ауыл өмірін жақсартуға, қазақ елінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикамыздың тұрақты дамуына септігін тигізеді», - деді Айдарбек Ходжаназаров.
Бүгінгі форум – ауыл шаруашылығындағы мыңдаған қарапайым қызметкердің еңбегін бағалап, оларды жаңа жетістіктерге ынталандыруға арналған ерекше оқиға.
«Ал біз өз тарапымыздан осы саладағы жұмысымызды әрі қарай жетілдіре түсеміз», - деп қорытындылады Respublica партиясының Төрағасы.