Әртүрлі

«Автомобиль жолдары туралы» заңға өзгеріс енгізілді

Негізгі өзгерістердің бірі жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының сапасын арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, құжат жол құрылысына арналған материалдар мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасының қызметін заңнамалық деңгейде бекітеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап. 

Цифрлық платформа жолдарды салу және жөндеу үшін қажет барлық ақпарат пен материалдардан құралды. Базада сынақтан өткен, сапасы мен қолдану саласы құжаттармен расталған жаңа материалдар мен технологиялар туралы деректер, карьерлер, асфальтбетон зауыттары, жол-құрылыс техникасы, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралдары жөніндегі мәліметтер қамтылған. Платформа ірі компанияларға да, шағын және орта бизнес өкілдеріне де қолжетімді.

Бұл базаның басты артықшылығы – ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігінде. Бұл жол жобаларын әзірлеу мен жүзеге асыруды жеңілдетіп, олардың орындалу мерзімін қысқартады әрі сапасыз құрылыс тәуекелдерін азайтады.

Сонымен қатар, заңда жол саласы мамандарының біліктілігін міндетті түрде арттыру талаптары енгізілді.
Енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді Қазақстандағы жол саласы қызметкерлері міндетті түрде біліктілігін арттырып отырады. Бұл мамандардың білім мен дағдыларын заманауи стандарттарға сәйкестендіріп, жалпы кәсіби дайындық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сарапшылардың айтуынша, бұл тетіктерді енгізу саланың дамуына оң әсер етеді, озық технологияларды енгізуге жол ашады, сондай-ақ автомобиль жолдарын жобалау, салу және күтіп-ұстау сапасын жақсартады.

Жол саласы мамандарының біліктілігін арттыру қағидаларын «ҚазжолҒЗИ» АҚ әзірлеп жатыр.